Қанат Ислам келесі жекпе-жегінің АҚШ-та өтетіндігін хабарлады

Сұхбат кезінде Қанат Ислам рингке қашан шығатынын да айтты. «Келесі кездесуім АҚШ-та өтеді. Алдағы 10-15 күнде кіммен қарсыласатыным және қай күні өтетіні белгілі болады», — деді. Сонымен қатар боксшы Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінде жекпе-жек өткізу туралы да мәлімдеді.

«Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шақырып, бокс кешінде жұдырықтасу туралы ұсыныс жасады. Мен келістім… Қазір әлемде қазақстандық боксшыларға үлкен сұраныс бар. Ал елімізде чемпион болу үшін тынбай жаттығып жүрген көптеген өрендерімізді білемін. Меніңше, шетелдіктер ЭКСПО кезінде бокс кешіне қуана-қуана қатысады», — деді.

Сондай-ақ боксшы соңғы кездесуінде қолын жарақаттап алғандығын айтты.

Қарсыласыңа соққы жасаған кезде өз қолыңды жарақаттап алатын сәттер бокста жиі болып тұрады. Осыдан кейін тактикамызды бірден ауыстырдық. Қарсыласымды титықтатып, ұпай бойынша жеңуді көздедік. Бұл мақсатымызға жеттік те. Қазір қолым жазылды. Келесі жекпе-жекке дайындалу үстіндемін», — деді Қанат Ислам.

Еске сала кетейік, қазақстандық боксшының соңғы кездесуін Алматы қаласында ганалық Патрик Аллотеймен өткізіп, 22-жеңісіне қол жеткізген болатын.

Дереккөзdodasport.kz