Ұстаздардың бұл сайысына еліміздің 73 жоғары оқу орнынан 600-ден астам үміткер қатысып, тек 150-уі ғана үздік деп танылды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты онлайн «ZOOM» арқылы өтіп, үздіктерді алдымен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады. Одан соң әр өңір жеңімпаздары марапатталды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов өздерінің іскерлігі мен көп жылдық тәжірибелерінің нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Мансия Есенамановаға, есеп және аудит кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Қанатоваға, программалық инженерия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Валентина Махатоваға, математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Айгүл Мырзашеваға, қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанна Шаяхметоваға куәлік пен төсбелгі табыстады. Сонымен қатар жеңімпаздар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Биыл конкурстың ұйымдастырылуында көптеген маңызды ерекшеліктер болып, пандемияға байланысты құжаттар тапсыру электронды түрде жүргізілген. Құжаттарды тіркеу және апелляцияға тапсыру онлайн режимде дедлайн мерзімдері сақтала отырып, министрліктің электронды ақпараттық жүйесінде жүргізілді. Конкурстың әрбір кезеңінде үміткерлердің жинаған балдары автоматты түрде ақпараттық жүйеде жарияланып, конкурсқа қатысушылар өз нәтижелерін онлайн режимде бақылаған.