Бас мүфти: Еліміздегі мешіттер қазақы стильде болуы керек

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы және жұмыс тобының мүшелері қатысты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі мешіттер қазақы стильде болуы керек екенін айтты.

Мешіт тұрғызуда әр халық өзінің сәулет өнері мен дәстүрін ескеріп, ұлттық нақышын көрсетуге тырысқан. Сондықтан еліміздегі мешіттердің де өзінің қазақы стилі болуға тиіс. Себебі бұл мешіттер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, халық игілігіне қызмет етеді, — деді Бас мүфти.

Мешіт, ҚМДБ
Фото: Muftyat.kz

Белгілі сәулетші Сағындық Жанболатов Діни басқарманың қолға алып отырған жобасын қолдайтынын айта келіп, арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Жұмыс тобына сәулетшілер Бірлік Ережеповті, Есімбет Қапабаевты, Қанат Құрғанововты, Есенғали Ахметовті және мүфтият мамандарын қосу керек, — деді Сағындық Жанболатов.

Жиын барысында қазақы стильдегі мешіт жобасы мен макетін бекіту, мешіт құрылысына қатысты кемшіліктерді болдырмау үшін инженерлік жұмыстарды жетілдіру мәселесі сөз болды.

Мешіт, ҚМДБ
Фото: Muftyat.kz

Сонымен бірге «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңына мешіт құрылысы бойынша бап немесе тармақ енгізу сияқты мәселе қаралды.