Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алексей Цой Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берді.
Министр президентке пандемияның жер шарындағы негізгі таралу тенденциялары және инфекцияға қарсы күрестегі еліміздің ретингісі туралы да баяндады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, 1 миллион адамға шаққандағы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында, өткізілген тест сынамаларының саны бойынша 67-орында, өлім-жітім бойынша 94-орында, COVID-19-дан жазылып шыққандардың саны бойынша 48-орында, дерттің ауыр тиюі тұрғысынан 50-орында.
Ведомство басшысы президентке өңірлердегі эпидемия жағдайы туралы, соның ішінде карантин шараларының күшейтілуі және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолда бар ресурстары жайында мәлімет берді. Денсаулық сақтау министрі жұқпалы аурулар стационарларындағы дертке шалдыққан адамдар жататын орындардың 33%, жан сақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21% толғанын айтты.
Алексей Цой COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медицина азаматтарға қажетті көмек беруге дайын екенін айтты.
Министр елімізде адамдардың коронавирустан қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді. Бұл дертке шалдыққандарға көмек көрсету үшін қабылданған шаралардың, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру деңгейінің тиімділігін көрсетеді. Бейінді ведомствоның мәліметі бойынша барлық өңірдегі салынған жұқпалы аурулар ауруханалары халықаралық стандартқа сай келеді және науқастарға қажетті көмек беріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға эпидемия ахуалын қатаң бақылауда ұстауды, халықты уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыра отырып, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді тапсырды.