Алдағы 15 жылда мұнай қымбаттамайды

«Сауд Арабиясы, Ресей мен Иран секілді мұнайдың өзіндік құнын арзанға өндіре алатын мемлекеттер нарықты толтыра түседі. Норвегия мен Бразилия да өндіріс қуаттылығын арттыруға көңіл бөлуде. Тұтынушыға таластың осындай шаралары нарықтағы бағаның қазіргі төмен құнын ұстап тұруына жол ашады. Соңғы екі жылдағы Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуі мен экспорттаушылардың көбеюі алдағы бірнеше жылда WTI маркалы мұнайының 50 доллар айналасында бағалануына алғышарт болуда», — дейді Керри.

Оның айтуынша, мұнай бағасының 2013 жылғы 100 доллар шамасына дейін көтерілуі үшін 15 жыл керек. «Алдағы 15 жылда қара алтын құны қымбаттауы екіталай. Мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан жоғарылығы келер жылы да сақталмақ. Тиісінше, нарықтағы бағаның төмендігі ОПЕК мүшелерімен қатар картельге кірмейтін бірқатар экспорттаушылардың өндіріс көлемін азайтуына себеп болады. Осы кезде сауда балансы орнына келіп, баға қайта өспек», — дейді сарапшы.

Американдық «The Economist» сараптама институты да келер жылғы мұнай бағасын арзан болады деп болжайды. Институт сарапшыларының мәліметінше, мұнай бағасын арзандату қазіргі таңда құрама штаттардың сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Келер жылдан бастап нарыққа шығатын АҚШ экспорттаушыларының негізгі көздегені Саудиямен бәсекеге түсіп, Еуропа нарығын жаулау. Инвесторлардың негізгі арқа сүйегені американдық компаниялардың өндіріске жаңа технологтялар тартуы. Яғни, конгресс қазіргі таңда елдің мұнай компанияларына қолдау ретінде сапа кепілдігін беріп отыр.

«Қара алтынның арзандауы әлемдік экономика үшін тиімді. ОПЕК мүшелерінің өзара келісіп бағаны қолдан ұстап тұруы нарықтық экономика талаптарына сай келмейді, тиісінше, қор нарығында спекулянттардың бағаны мың құбылтуына жол ашады. Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы жағдай дәл осындай брокерлердің жалған сараптамасы нәтижесінде болған еді», — делінген «The Economist» сараптама институтының Bloomberg басылымына берген мәлімдемесінде.

Жалпы, 2016 жылғы мұнай бағасы қазіргімен шамалас болмақ. Жылдық орташа көрсеткіш 35 доллар деңгейінде сақталады. Жылдың бірінші жартысында біртіндеп төмендеген «қара алтын» шілде айында ең төменгі 31 долларға жуықтайды. Жыл соңына қарай қайта көтеріліп, 40 долларға бағаланбақ. Ал 2017 жылға қарай баға тұрақталып, шамамен 45 доллар маңайында болады деп күтілуде деген болжам жасайды американдық мамандар.

Дүйсенбі күні Иранның Nationalal Iranian Oil мемлекеттік мұнай корпорациясының басшысы Рокнеддин Джавади келер жылдан бастап тәулігіне 500 мың тонна мұнай өндіретінін мәлімдеді. Артынша Brent мұнайының қор нарығындағы құны 11 жылдық минимумға дейін арзандап, 37 доллардан төмендеді.

Бауыржан Мұқанов

Дереккөзsn.kz