ҰБТ тапсырмаған мектеп түлектері бірінші мамандығын тегін алады

«Жаңа бағдарламаның бірінші негізгі бағыты жаппай оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Оның аясында азаматтарға бірінші және екінші мамандықты ақысыз алуға мүмкіндік ұсынылады. 15-тен 24 жасқа дейінгі жастар үшін бірінші жұмысшы мамандығын техникалық және кәсіби оқыту базасында алуға мүмкіндік беріледі. Осы ретте ҰБТ тапсырмаған мектеп түлектері, оқу орнына түспеген жастар қатарынан 21 мың жуығын қамту жоспарланып отыр»,-деді министр.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, оқу мерзімі 2,5 жылға ескерілген. Оқытуға жұмсалатын шығындарға білім беру үрдісі, шәкіртақы мен бір мезгілдік тамақтандыру еніп отыр. Сонымен қатар 25-тен 44 жасқа дейінгі азаматтар үшін екінші мамандықты алу мүмкіндігі бар. Олар үшін колледждер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оқыту орталықтары базасында дуальды білім берудің қысқа мерзімді курстары ұйымдастырылады.

«Дуальды білім беру жұмыс орнында жетекшісімен бірге жүргізіледі және оқытудың 40-50 пайызын құрайды. Жетекші ретінде тек өндірістің қызметкері ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіппен айналысатын жеке кәсіпкер де бола алады. Олар оқытқаннан кейін, тәлім алған адам осы кәсіпкерге жұмысқа қалады немесе бұл кәсіппен бөлек айналысуға мүмкіндігі бар»,-деп нақтылады министр.

Тағы бір айта кетерлігі, шалғайдағы ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін жергілікті жерлерде оқытуға арналған мобильді кәсіби-техникалық оқу орындары ұйымдастырылмақ. Жыл сайын қысқа мерзімді курстармен 26-56 мың адамды қамту көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, биыл еліміздегі ЖОО оқуға түсе алмаған он мыңдай түлек кәсіби білім алып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.

ДереккөзҚазАқпарат