Басты бетҚоғамБолат Назарбаевтың...

Болат Назарбаевтың қоғамдық қоры Мақтааралдағы 20 отбасыға баспана кілтін табыстады

2020 жылдың 2 мамырында болған табиғи апаттан кейін Болат Назарбаев қоры зардап шеккен ауыл тұрғындарына жаңа үй салуға қаражат бөлді.

Бөлінген қаражаттың көмегімен жергілікті «Нұр Ел» және «Тней-Құрылыс» компаниялары құрылысты бастап кетті. Жұмысшылар үйлерді толығымен жоспарлау және құрылыс стандарттарына сәйкес салды. Төрт бөлмелі үйлер көпбалалы отбасыларына арнайы жоспарланып, тұрғызылды. Бір үйдің жалпы ауданы — 100 шаршы метр. Бүгінде барлық үйдің құрылысы толық аяқталып, инженерлік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қосылған. Әр үйдің алдына асфальт жол төселіп, кәріз, газ, су құбырлары және электр, интернет желілері тартылған.

Мақтаарал ауданы, баспана
Фото: «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры

Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсімінде қоғамдық қор басшысы Қасым Қасабеков қоныстанушыларды құттықтап, жаңа үйде бақ-береке мен қуаныш көп болуын тіледі.

Баспаналы болғандар қоғамдық қор өкілдеріне жаңа үй мен берілген көмегі үшін алғысын жеткізді.

«Салиқалы ұрпақ» қорына осы кезге дейін бізге көмек беріп, жаңа үй салып бергені үшін алғыс айтамын, — деді Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Шара Момбекова.

Тұрғындар баспананың сапасы мен бөлмелердің кең екенін атап өтті.

Қуанышымызда шек жоқ. Сондай кең, сәулелі бөлмелер. Газ, су, жарық  — бар қажеттілік те ішінде. Біздің отбасымызды осындай қуанышқа кенелткен Қорға үлкен алғысымызды айтамыз, — деді Мақтаарал тұрғыны Баян Молдабекова.

Айта кетейік, бұған дейін «Салиқалы ұрпақ» қорынан ауданды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 200 миллион теңге аударылды. Сонымен қатар 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Мақтаарал ауданы бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 бала жазғы демалыс лагеріне жіберілді.

«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 2016 жылдың сәуірінен бері жұмыс істеп келеді. Қор бірнеше бағытта жұмыс істейді. Алматы қаласындағы және облысындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге қаржылай қолдау көрсетеді және ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Бүгінде 130-дан астам отбасы Қор қамқорлығында.