Құрлық әскерлерінің әскери институтына Сағадат Нұрмағамбетов есімі берілді

2020 жылғы 11 қыркүйектегі Үкімет қаулысымен еліміздегі әскери кадрларды даярлайтын оқу орны – Құрлық әскерлерінің әскери институтына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов есімі берілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес одағының батыры, ең алғашқы Халық қаһарманы.

Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында даңқты жауынгерлік жолын Берлинде аяқтаған. М.И.Фрунзе атындағы әскери академияны бітіргеннен кейін түрлі штабтық және командалық лауазымдарда, Венгриядағы Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуының алдыңғы шебінде болды.

Биыл әскери жоғары оқу орны жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде Құрлық әскерлерінің әскери институты 13 мыңнан астам офицерді дайындады. Олардың ішінде 80-нен астам түлек Қазақстанда да, сонымен бірге шет мемлекеттерде де генерал шенін иемденген.