Бауыржан Момышұлы «Соғыстағы ең суық қару — адамның рухы» деген. Сол рухты көтеруде оркестр мен ән-би ансамблінің маңызы зор. Әсіресе, соғыс жылдары майдангерлердің көңіліне демеу болып, рухын көтеріп, жеңіске жетелеген құдіреттің бірі — патриоттық әндер.

Әскери өмір десе, бірден көз алдымызға қару асынған сарбаздар, әскери шерулер мен ұрыстар елестейді. Кейде олардың өмірінде бұдан өзге ештеңе жоқтай көрінеді. Бірақ әскери адамдар бос уақыттарын оркестр мен ән-би ансамблінде де өткізеді. Оған дәлел ретінде Алматыдағы  Құрлық әскерлерінің әскери институты команда-тактикалық артиллерия мамандығының 1-курс курсанты Нұрсұлтан Құдайбергеннің тәжірибесін айтсақ болады. Ол бізге институтта оқып жүріп, ансамбльге қалай мүше болғаны туралы айтып берді.

Нұрсұлтан Құдайберген: Әскери-патриоттық ән байқауына дайындалып жатырмыз

Ұлан Әбдірахман
Нұрсұлтан Құдайберген. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында мектепті бітіріп, осы институтқа оқуға түстім. Мектепте оқып жүргенде К.Әзірбаев атындағы музыка мектебінен 1-5 сынып аралығында домбырадан дәріс алып, үздік бітірдім. Музыка мектебінің 50 жылдық тарихы бар, тіпті мектепті басқарып отырған директордың өзі осы мектепті тәмамдаған. Бала кезден өнерге жақын болсам да, кейінірек әскер, қорғаныс саласына аңсарым ауа бастады. Әскери шендер мен атақтардың барлығын жаттап алдым. Алғашқы әскери дайындық сабағында взводтың командирі де болдым. Аудандық, облыстық саптық жаттығуларға, патриоттық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды алдым. ҰБТ-ны тапсыра салысымен институтқа түсу үшін барлық сынақты тапсырып, курсант атандым. Бір күні 1 курстың барлық курсантына Мәдени демалу орталығына жиналуға бұйрық берді. Мәдени орталықтың басшысы, майор Әлия Тоқабаева өнерлі курсанттарға арнап байқау өтетінін айтып, бәрімізді осы байқауға қатысуға шақырды. Байқауда бірнеше халық күйлерінен попурри орындап, ансамбльге мүше болдым.

Қазір біздің домбырашылар тобы қарашаның 5-і күні Астанада өтетін әскери-патриоттық әндер конкурсына дайындықты пысықтап жатыр. Конкурсқа қазан айынан бері дайындалып келе жатырмыз. Күнделікті сабақтан соң бір сағат уақытымыз Мәдени демалу орталығында өтеді. Одан бөлек бұл орталықта би, хор үйірмелері де жұмыс істейді.

Әскери оркестрдің дирижеры, капитан Ұлан Әбдірахманов оркестрдің тарихы мен оның әскерге не үшін керек екеніне толығырақ тоқтады.

Ұлан Әбдірахманов: Музыканттар да әскери машықты меңгеруі тиіс

Құрамына қарай оркестр үрмелі, халық аспаптары және симфониялық болып бөлінеді. Ал әскери бөлімдер мен институттарда үрмелі аспаптар оркестрі жұмыс істейді. Үрмелі оркестрде кларнет, флейта, гобой, фагот сияқты ағаштан жасалған және труба, валторна, тромбон секілді жезден жасалған үрмелі аспаптар болады. Бұл аспаптардың кейбір жетілдірілген түрлерін (труба, тромбон, кларнет, саксофон, тағы басқа) симфониялық және халық аспаптар оркестрлерінде де қолданады.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Институт оркестрінің тарихы 1970 жылдан басталады. Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесі құрылып, осы училищемен бірге оркестр де жасақталады. Оркестрдің бірінші басшысы Анатолий Староженко болып, 1978 жылға дейін басқарды. Оркестрге әр жылдары Р.Сафин, В.Яковенко, В.Богданов, А.Беляков, С.Шароватов, И.Журомский, А.Блейле дирижерлік етті. 2014 жылдан бастап оркестрді мен басқарып келемін. Ұжым құрылғалы бері көптеген республикалық, халықаралық үрмелі аспаптар оркестрлері фестиваліне, әскери шерулерге, KADEX сияқты әскери-техникалық қару-жарақ көрмелеріне қатысты.

Институт оркестрінде 17 музыкант жұмыс істейді. Бізде музыкалық колледжді, сонымен бірге консерваторияны бітірген жоғары кәсіби мамандар да бар. Олардың көбі кезінде қатардағы сарбаз ретінде борышын өтеп, арнайы келісімшартпен оркестрде қызметте қалған. 2011 жылы алғаш оркестрге жұмысқа келгенде мұндағы ең үлкен музыканттың жасы 64-те болатын. Араларында 25 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқандары да бар. Көбі осы оркестрде жұмыс істеп жүріп, отбасылы болған. Әскери қызметші ретінде мемлекеттен тұрғын үй де алды.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әскери оркестрге үрмелі аспаптарда ойнайтын музыканттарды аламыз. Олар өз аспаптарында жақсы ойнап қана қоймай, музыкадан теориялық білімі болуы тиіс. Сонымен қатар әскери қызметші ретінде дене дайындығы, саптық жүріс сияқты әскери машықтарды да меңгереді. Бастысы музыкадан хабары болса, қалғанын оңай үйреніп алуға болады. Әскерге оркестр керек, себебі біздің жұмысымыз олармен тығыз байланысты. Институтта күнделікті өтетін саптық жүрістер мен ритуалдардың бірде-бірі оркестрсіз өтпейді. Әсіресе, барабаншылар — әскерге ең керек мамандар. Сондықтан еліміздегі әскери оркестрлерді көбейтіп, олардың құрамын үлкейту керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, музыкалық оқу орындарын бітірген жастардың көбі әскери оркестрде жұмыс істеуге ниет білдірмейді. Өйткені қазір Алматыдағы көп театр бос тұр, жас мамандардың көбі сонда кетіп жатыр. Оның үстіне, әскери оркестрдің жұмысынан көбі қашып жатады.

Ақын-композиторлармен тікелей жұмыс істей алмаймыз

Әр дүйсенбіде институтта жұмыс істейтін барлық қызметкер мен курсант жұмысқа кіріспес бұрын сапқа тұрады. Ол жиынға институт басшысының өзі қатысып, қызметкерлерді, курсанттарды марапаттап немесе керісінше ескерту айтып, тапсырмалар береді. Оркестр осы жиынның ортасында тұрады. Жиынның соңында курсанттар мен оқытушылар салтанатты шерумен алаңды жүріп өтіп, өз жұмысына кіріседі. Сол салтанатты шеру міндетті түрде оркестрдің қатысуымен болады. Одан кейін оркестр қызметкерлері түрлі әскери дәрісті тыңдап, конспект жазады. Елбасы Жолдауын немесе елімізде болып жатқан соңғы жаңалықтарды да талқылап, оған қатысты өз ойларын білдіреді. Сосын 10 минуттық үзілістен соң ғана оркестрлік дайындыққа кірісеміз. Алдымызда келе жатқан мерекелік іс-шаралар, байқаулар болса, ұжым болып дайындаламыз. Репертуарды талқылаймыз. Одан бөлек, жеке дайындықтар та  жүргізіледі. Спортшылар бір күн жаттығу жасамаса, бұлшықеттері босап, бабы келіспей жатады ғой. Үрмелі аспаптарда ойнайтын музыканттар да сол спортшылар сияқты, күн сайын дайындалып отырмаса, ерні мен ұртының бұлшықеттері ауырып, кейін жұмыс істеуі қиындайды.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Курсанттар түскі асқа да оркестрдің маршымен сап түзеп барады. Егер оркестр байқаулар мен көрмелерде болса, барабаншылар ойнайды. Тамақтанып болған соң курсанттар басқа сабақтарына, жатақханаларына ән айтып барады. Оларға ән айтуды үйрету де — біздің міндетіміз. Қандай ән айту керек, қалай айту керек екенін үйретеміз. Кейде олар туған ауылдарын, аналарын сағынып, осы тақырыптарда ән айтсақ деп ұсыныс жасайды. Олардың да пікірімен санасып, осы тақырыптардағы әндерді тауып, үйретеміз.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әскери оркестрде тек патриоттық әндер мен халық әндері айтылмайды. Бұрын Кеңес дәуірі кезінде сарбаздар мен жауынгерлерге патриоттық әндерді ғана айтуға рұхсат берілетін. Себебі идеология сондай болды. Қазір ешқандай шектеу жоқ. Джазды да, блюзды да, классиканы да айта береміз. Сонымен қатар қазір эстрадамызда хит болып жүрген әндерді де оркестрмен сүйемелдеп, орындаймыз. Мысалы, «МузАрт» тобының, Қайрат Нұртастың патриоттық тақырыптағы әндерін де айттық. Ол курсанттарымыздың көңілен шығып, үлкен қошеметке бөлендік.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біздің оркестріміз кішкентай болғандықтан мүмкіндіктері де аз. Сондықтан патриоттық тақырыпта ән жазатын композиторлармен, оған сөз жазатын ақындармен тікелей жұмыс істей алмаймыз. Барлық репертуарымызды Президент және Орталық оркестр сияқты үлкен ұжымдарға қарап, жинақтаймыз. Жыл сайын 7 мамыр — Отан Қорғаушы күніне арнап Астанадағы Орталық ансамбль концерт береді. Сол кезде Қазақстан композиторлар одағы Отан, Қарулы Күштер тақырыбындағы әндерге арнап композиторлар арасында байқау ұйымдастырады. Сол байқауға да қатысып, өзімізге керек әндерді алып, репертуарымызға қосамыз.

Артистерді әскери бөлімдерге тарту керек

Белгілі скрипкашы, майор Жәмила Серкебаева оркестрде менің орынбасарым болып жұмыс істейді. Ол кісі де осы институттағы, қаладағы көптеген іс-шараның басы-қасында жүріп, өзінің концертін береді. Алда 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шараға дайындық жасап жатырмыз. Осы кеште Жәмила ханым Алматы әкімдігінің эстрада-симфониялық оркестрімен келіп, өз өнерін көрсетеді. Симфониялық оркестрде скрипка, виолончель, контрабас және альт сияқты музыкалық аспаптар бар. Олар біздің курсанттарға қызық болады деп ойлаймыз. Классиканы да тыңдап, артистерге қарап, өзін мәдениетті ұстауды да үйренеді. Сондықтан артистерді әскери бөлімдерге тартуды қолға алу керек. Айжан Нұрмағамбетова бізде жұмыс істемесе де, кейде біздің шақыртуымызбен, кейде өзі сұранып, институтымызға келіп тұрады.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сонымен бірге 10 желтоқсанда Армия үйінде Алматы өңірлік гарнизонының құрама оркестрімен концерт беруді жоспарлап отырмыз. Концертке соғыс ардагерлері, институттардан курсанттар мен әскери бөлімдердің сарбаздары, әскери мектепте оқитын болашақ курсанттар да қонақ ретінде қатысады. Негізгі тақырыбы Отан, ел мен жерге деген сүйіспеншілік туралы болады. Оркестрмен және ансамбльдермен бірге эстрада артистері де өнер көрсетеді.

Әскери оркестр
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұрын офицерлер әдемі сөйлеп қана қоймай, фортепианода ойнай білген. Ән айтып, би де билеген. Біз де курсанттарымызды соған үйреткіміз келеді. Олар жауынгерлік жағынан мықты болып қана қоймай, мәдениетке де жақын болса дейміз. Өйткені олар кейін болашақ офицерлер мен әскери мамандарды дайындайды. Сол себепті олар барлық жағынан идеал болып, болашақ офицерлер оларға қарап сүйсініп, үлгі алуы керек.