Қызылорда күніне орай спорттық жарыстар өтті

Екі күнге жоспарланған бұл жарыстарға барлығы 70-ке жуық адам қатысты. Оның ішінде білек күші сынға түскен жарыста 30-дан астам азамат бақ сынап, спорттық дайындықтарын сарапқа салды. Онлайн форматта өткен белтемірге тартылу бәсекесінде бабы келіскен Данияр Сәулембек үздік шықса, жүлделі екінші орын Рамазан Әбсадыққа бұйырды. Тұғырдың үшінші сатысына Данияр Тұрсынбекұлы көтеріліп, жеңіске деген жігері үшін Нұрлыбек Бейішбек, белсене қатысқаны үшін Дамир Әбутәліп марапатталды.

Қала жастарының басын қосқан доппен өнер көрсетуде теңбіл допты  ұршықша иіріп жүрген жастар шеберлік сынасты. Доп тебу мәнерінің үздік үлгісін көрсетіп, кәсіби машығымен ерекшеленген Мейіржан Әбішбеков бірінші орынды жеңіп алса, сайыстағы екінші орынды Әділбек Асылбекұлы иемденді. Исатай Сайлау үздіктер қатарынан көрініп, Алдаберген Рақымжан мен Арман Жұмаш жеңіске деген жігері және белсене қатысқаны үшін номинацияларына ие болды.

Айта кетейік, қала күніне орай жоспарланған мерекелік шаралар 26 қырқүйекке дейін жалғасады.