Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
ҚазҰУ студенттері университетін «қалашық» деп атайды. Шынымен-ақ, оқу орнының ауласы, ондағы саябақ, аңқыған қызыл-жасыл гүлдер, атқылап тұрған субұрқақ, ұзын әрі кең аллеясы басқа қалаға тап болғандай сезімге бөлейді. Ал университеттің арғы жағынан көрінген биік таулар бұл әсем көріністі одан әрі құлпыртқандай…
Көктөбе
Әдетте саяхатшылар Көктөбеге аспалы жол мен бақылау алаңдары арқылы Алматыны жоғарыдан көруге және Іле Алатауы жоталарының панорамасын тамашалауға барады. Табиғат сұлулығына тәнті болуға саябақта орналасқан арнайы дүрбілер көмектеседі.
Шымбұлақ
Алматыға келген адамның Шымбұлақты көргені абзал. Себебі Шымбұлақ Іле Алатауы шатқалында орналасқан. Ондағы климат пен күннің шуағы, қар қабатының ұзақ уақыт жатуы туристер мен тау шаңғы спорты әуесқойларын еріксіз өзіне тартады.
Шымбұлақтың табиғаты қыста да, жазда да ерекше. Қараша-мамыр аралығында шаңғы жарыстарын өткізетін, шаңғы тебетін мекенге айналса, жаз айларында қар жамылғысы бар тауларды тамашалайтын, турист көп келетін, қала тұрғындары мен қонақтары демалатын тамаша орын.