Қызылордалық зияткер шахмат турнирінде жүлделі болды

Онлайн-турнирде 900-ге жуық 10, 14 және 18 жастағы шахматшылар бақ сынады.

Қызылордалық зияткер орта санатта бірқатар мықты қарсыласты жеңіп, тек бір қатысушыға есе жіберіп, ойын кестесінде екінші орынға шықты.

Шахмат ойлау дағдысын арттырып,  есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады. Бұл спорттағы кумирім — норвегиялық шахматшы, әлем чемпионы Магнус Карлсен. Оның ойын техникасы мен стилі қызықтырады. Шахматтың барлық түріндегі қол жеткізген жетістіктері оны әмбебап ойыншы екенін байқатады. Әсіресе, қарсыластың психологиясын өткір сезе білу қабілеті ұнайды, — дейді Нұрдәулет.

Спортшыны шахмат тақтасымен 6 жасында үйіндегі үлкендер таныстырған. Отбасылық ойындар Нұрдәулеттің шахматқа деген қызығушылығын артырып, кәсіби деңгейде үйренуге септігін тигізді. Бүгінде Нұрдәулеттің қоржыны облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі көптеген медальға толы.

Менің шахматтық мансабымдағы ең үлкен жетістігім — Astana Open 2019 халықаралық шахмат фестиваліндегі қола медалім. Бұл жарыста Швейция, Бельгия, Беларусь, Моңғолия және басқа да елдердің 628 спортшымен ой жарыстыру мүмкіндігі бұйырды. Әрбір жарыс — мен үшін өзімнің қабілеттерімді ашатын, жаңа білім мен тәжірибе жинақтайтын сабақ, – деді Нұрдәулет.