Қызылорда облысында Конституция күніне орай онлайн шаралар өтеді

Ата Заңда көрсетілгендей, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Елдегі татулық пен бірліктің арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, демографиялық өсім көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Қызылорда облысында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық саны 592 мың адам болған, қазіргі таңда 809,3 мыңнан асты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет мәлімдеді.

Конституцияны құрметтеу, оны ұлықтау — біздің басты парызымыз. Ата Заңды айбар тұтып, егемендікті нығайту жолындағы жұмыстар жан-жақты жүріп жатыр. Биыл Ата Заңға ширек ғасыр толып отыр. Атаулы күнге байланысты аймақта ерекше форматта шаралар өткізіледі. Соған сәйкес Конституцияның 25 жылдық мерейлі мерекесін атап өту жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Атап айтқанда, «Айбары асқақ Ата Заң» атты мерекелік онлайн концерт, Syr Shańyraǵy, Syr Sporty, Syr Qoǵamy, Syr Bolashaǵy, Syr Birligi youtube арналарында «Ата Заңға – 25 жыл» атты зиялы қауым өкілдерінің, өнер жұлдыздарының, спорт шеберлерінің, жас көшбасшылардың және этномәдени бірлестік өкілдерінің онлайн бейнеқұттықтаулары, «Азат елдің Ата Заңы» атты белсенді жастар ұйымдарының, студент жастардың, волонтерлардың онлайн акциясы, тағы басқа шаралар өтеді, — деді Серік Ахмет.

Бұған қоса, Жалағаш ауданында 140 орындық мектеп ашылады.