«Шенеуніктер бірінен кейін бірі ауысып жатыр». Президент жемқорлық туралы

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттер атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.

Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11% артқан, яғни, 820-дан 912-ге өскен. Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7%-і мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. Бұл басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, мысалы, полиция — 11,3%, жер қатынастары басқармасы — 7%, мемлекеттік балабақшалар — 6,9%. Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдардың қажетті медицина көмегін алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты.

Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл — жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірше мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр.

Бір жылдан кейін осы салаларға бөлінген қаржы жымқырылды, ал жауапты министрліктер көштің соңында қалды демейтінімізге нақты сенімді болуымыз керек. Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмысына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық ниглизмге әкеп соғады. Дегенмен жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.

Мемлекет басшысы деректер қорын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге баса мән беруді тапсырды. Бас прокуратура кәсіпкерлерді дәлелсіз қылмыстық қудалау фактілеріне жол бермеуі керек.

Өткен жылғы Жолдауымда заңды бизнеске кедергі келтіру аса ауыр мемлекеттік қылмыс екенін айтқан едім. Бұны барлық құқық қорғау органы, оның ішінде, Бас прокуратура ескеруге тиіс. Кәсіпкер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан берік қорғалғандарын сезінуі керек, – деді Президент.

Бұған қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуге тиіс.

Адамдар әлі де жоғары оқу орындарында, колледждерде, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе — осы. Ал кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылық қатты алаңдаулы. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды норматив-құқық актілерін сараптау ісіне қатыстыру керек, – деген тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің ұсыныстарын толық пысықтау үшін бір ай уақыт берді.