Коронавирус жұқтырған 113 медицина қызметкері 2 миллион теңге алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 шілде сағат 18.00-дегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан коронавирус инфекциясы мен пневмония жұқтырған 113 медицина қызметкеріне 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем төленді.

Төлемақы алуға құқығы бар медицина қызметкерлерін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларындағы арнайы комиссия анықтайды. Барлық өтінішті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жинайды.

Денсаулық сақтау министрлігінен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлем төлеуге барлығы 123 өтініш түсті. Өңірлер бойынша ең көп өтініштер Алматыдан (46), Алматы (38) және Солтүстік Қазақстан облыстарынан (10) келді.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясымен күреске тартылған медицина қызметкері COVID-19 немесе пневмония жұқтырған жағдайда 2 миллион теңге,  ал ауырып, қайтыс болған жағдайда отбасына 10 миллион теңге төленеді.

Коронавирус инфекциясынан, пневмониядан қайтыс болған бірде-бір медицина қызметкерінің отбасы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өтініш бермеген.

Қазақстанда 51 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 16 шілдеде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.