Басты бетЖаңалықтарҰстаздардың жалақысы...

Ұстаздардың жалақысы өспейтін болды

Ирина Смирнова мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесіне қатысты депутаттық сауалына толыққанды жауап алмағандығын жеткізді. Ол көрсеткен сомаға дейін ұстаздар жалақысы көтерілмейтін болды.

«…Мен өз депутаттық сауалымды жолдағанда жай қыруар ақшаны бере салыңдар деп айтқан жоқпын. Ол ақша жетіспей жатыр дегенмін. Сондықтан ақша жетпей тұрса, оны ашық айту керек. Мектептерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай дәрежеде емес, мұғалімдер лайықты жалақысын алмай отыр. Осыны ашық айту қажет. Сосын алдағы уақытта білім беру саласындағы жағдай қалай өзгереді? Оның болашағына бір көз тастап, нендей оң өзгерістер болады? Бір үміт отын жағып қойса да болады ғой. Ал маған жолдаған xатта құр ондай ақшаны бөле алмаймыз деп жазған. Негізі, ондай ақшаны табуға болады. Іздесе, табылады», — деді Ирина Смирнова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Депутаттың ойынша, мұғалімдердің жалақысы бір ставка үшін, кем дегенде, 150 000 теңге болуы қажет. Ал сынып жетекшілігі мен сан алуан әдістемелік жұмыстарды қосқанда 200 000 теңге төленсе, қазақстандық мұғалімдердің қатары сиремей, керісінше, кәсіби мамандармен толығатын еді.

«Мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалау мәселесін қаперден ешқашан шығармау қажет. Егер біз олардың жалақысын өсірмесек, білім беру саласына ақшаны көптеп бөлмесек, онда ол ақшаны басқа салаларға бөлудің ешбір қажеті жоқ», — деп атап көрсетті Ирина Смирнова.

Айта кетейік, қыркүйек айында өткен ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін жеткізді. Ол осы мәселелерді депутаттық сауалда көрсетіп, оны Үкімет басшысының атына жолдаған болатын.

ДереккөзҚазАқпарат