Мемлекет басшысы белгілі дәрігерлер телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет екенін айтты.
Олай болмаған жағдайда дүмбілез, алаяқ емшілердің күмәнді кеңестері халықтың денсаулығына кесел келтіреді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қазақстан Президенті пандемия кезінде дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатып, пайда тапқысы келетіндерді қатаң жауапқа тарту қажет екенін айтты.
Қазір дәрілердің жетіспеуі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді нәтиже керек. Пандемия кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл — түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. «СҚ Фармация» компаниясын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Қазақстанда дәрі мен медицина бұйымдарының көп түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға кеңес беретін call-орталықтың жұмысын күшейту керек деген тапсырма берді.
Халықты үрей мен қорқыныш билеген, тіпті олар өзіне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асып жатыр. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
