Қызылорда облысында балаларды 1-сыныпқа қабылдау басталды

Қызылорда облысында мектепке қабылдау басталды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді.

1-сыныпқа қабылдау кезінде бес құжат талап етіледі. Олар: ата-ананың немесе заңды өкілдерінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 есеп нысаны, №063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама, 3х4 көлеміндегі екі дана фото. Осы орайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және денсаулық жағдайы туралы медицина анықтамаларын алатын кезде туындаған қиындықтарға байланысты медицина құжаттарын тапсырмауға уақытша рұқсат етілді. Медицина анықтамаларын оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыруға болады,- деді Ақзира Қасымова.

Қазіргі уақытта 1-сыныпқа қабылдауға тіркелген балалар саны — 10178. Оның ішінде e-gov порталы арқылы 1107, қолма-қол қағаз түрінде 9071 бала тіркеліп отыр. Бұл жұмыстар тамызға дейін жалғасатындықтан күн сайын ақпарат жаңарып отырады.

Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау онлайн режимінде «Электрон үкімет» Egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде қолма-қол жүзеге асырылады.