1. Йентл — Yentl

ХХ ғасырдың басы. Польша. Бас кейіпкер — еврей қызы Йентл. Ол өмірін тұрмысқа шығып, ана атанып, үй шаруасын істеумен ғана өткізгісі келмейді. Бірақ ол кезде Шығыс Еуропада тек ер адамдардың оқуына, ғылыммен айналысуына мүмкіндік болды. Бір күні Йентл бұрымын кесіп, көзілдірік тағып, ерлердің киімін киіп, ауылынан қашып кетеді де, ер адамдар оқитын институтқа оқуға түспек болады.

Фильмнің режиссеры — Барбра Стрейзанд. Актриса әрі режиссер Барбра бұл кинокартинасында басты рольде өзі ойнаған. Фильм Америка жазушысы Ицхока Башевиса-Зингердің «Йешивадағы Йентл бала» әңгімесінің желісі бойынша 1983 жылы түсірілген.

2. Сарбаз Джейн — Солдат Джейн

Ридли Скоттың бұл фильмі батыл әйел Джордан О’Нилдің әскердегі өмірі туралы. Бас кейіпкер ерлермен бірге бір қатарда тұруға, әскердегі дайындықтың барлық сынағынан өтуге, биік өкшелі аяқкиімнің орнына былғары етік киюге, қару асынуға дайын. Ол әйелдер де ерлермен бірдей қызмет ете алатынынын дәлелдегісі келеді. Картина 1997 жылы түсірілді.

3. Моно Лизаның күлкісі — Улыбка Моно Лизы

1953 жыл. Америкада әйелдер өз құқықтары үшін күресіп жатқан кез. Сол жылдары Кэтрин Уотсон Уэллесли әйелдер колледжіне өнер тарихы пәнінің оқытушысы болып жұмысқа тұрады. Ол колледж басшылығы мен әріптестерінде патриархал көзқарастың басым екенін байқайды. Кэтриннің ендігі мақсаты — студенттеріне әйелдер тәуелсіз болуы керек екенін және өз құқығы үшін күресуі қажет екенін үйрету.

Кинокартинаның режиссеры — Майк Ньюэлл. Фильм 2003 жылы экранға шықты.

4. Солтүстік ел — Северная страна

«Солтүстік ел» фильмі 2005 жылы жарыққа шықты. Режиссеры — Ники Каро.

Сюжетте жалғызбасты ана Джози Амест екі баласын асырау үшін туған жері Солтүстік Миннесотаға оралады. Сөйтіп шахтаға жұмысқа кіреді. Ол жердегі қызметкердің көбі — ер адам. Джози шахтадағы басқа әйелдер сияқты ер әріптестерінің тарапынан келеке мен кемсітуге ұшырап, жыныстық бопсалау көреді. Алғашқыда ол бәріне төзуге тырысады. Кейін бұл нәрсені бей-жай қалдыруға болмайтынын түсініп, шахтадағы әйелдердің құқығын қорғау мақсатында сотқа шағымданады. Бұл — АҚШ-та жыныстық бопсалау туралы шағым бойынша алғашқы сот отырысы еді.

5. Жынысы бойынша — По половому признаку

Фильм адвокат Рут Бейдер Гинзбургтің ерлер мен әйелдердің тең құқығы үшін күресін баяндайды. Кейіпкер Американың жоғарғы судьясы болу үшін көп қиындық көреді.

Бұл фильм шынайы оқиғаға негізделген. Рут Бейдер Гинзбургер — әйелдер арасынан шыққан дүниежүзіндегі екінші сот төрешісі, АҚШ-тың Жоғарғы сотының мүшесі. Басты ролді Фелисити Джонс ойнайды. Картинаның режиссеры — Мими Ледер. Америка киноөнер институтын алғаш бітірген әйел.