Ерте заманнан бүгінге дейін сақталған әр салт-дәстүрдің маңызы, мәні мен ерекшелігі бар. Мысалы, байғазы, көрімдік беру, алыс сапардан келгенде немесе қонаққа барғанда туған-туысқа, құда-жекжатқа, әсіресе балаларға арнап базарлық апару. Осы тұста, көпшілік байғазы мен көрімдіктің айырмашылығын аңғара бермейді. Бірі жаңа дүниеге, затқа берілсе, бірі — адамға немесе жануарға берілетін сый.
Baribar.kz қазақы ұлттық құндылықты, сыйластық пен бауырмал болмысты айшықтайтын үздік үш салт-дәстүрді талдап көрді.
Байғазы — жаңа киім, бұйым, дүниеге немесе жалпы жансыз заттарға берілетін сый. Жас жеткіншектер, бойжеткен қыздар мен ержеткен ұлдар жаңа дүниені үлкендерге мақтана көрсетеді. Содан соң үлкендер, яғни ағайын-туыс құтты болсын айтып, «киімің үстіңде тозсын» деп байғазы береді.
Мысалы, диплом алған жастар көрімдік емес, байғазы сұрауы керек. Туысқандардан байғазы сұрау ұят емес, әбестік емес. Керісінше ересектердің оны елеусіз қалдыруы қате. Байғазының белгілі бір өлшемі, сомасы жоқ. Әркім көңілі қалаған деңгейде байғазы бере алады.
Көрімдік — жаңа түскен келінге, бірінші рет есік ашып келген күйеу жігітке, жаңа туған нәрестеге, сырға салған немесе құлағын тескен қызға, сүндетке отырған ұлға, кейде жаңа туған төрт түлік малға берілетін сый. Демек, туған-туыс «жаңа қадамың құтты болсын, оң болсын» деген ниетпен ақшалай немесе малдай көрімдік береді. Көрімдік беру көлдей кең көңілді, ақ ниетті білдіреді. Салт-дәстүрдің ретін, жөн-жосығын білетін адамдар сұратпай-ақ көрімдік ұстатады. Бұл дәстүр бауырмал әрі жомарт болуға, біреудің қуанышына ортақтасуға ықпал етеді.
Базарлық — алыс сапардан, сауда жасап, жәрмеңкеден келгенде әкелетін немесе қонаққа барғанда апаратын сый, әшекей-бұйым, тәттілер. Бұрын жәрмеңкеден, сапардан келген адамнан базарлық сұрау қалыпты болған. Ал қазір базарлықты әркім ерікті түрде әкеледі. Адамның жақындарын, балаларды елеп-ескеріп, базарлық алуы — сыйлыстық пен махаббаттың белгісі. Базарлықтың нақты үлкен, кіші өлшемі, көлемі жоқ. Мысалы, саяхаттан оралған адам магнит, білезік, моншақ алып келсе де базарлық деп есептеледі.
