Мен өмірде өз дегеніне жеткен, еңбекқор әйел адамдардан үлгі алуға тырысатынмын. Олардың жеткен жетістігі мені алға жетелеген күш пен бағыт болды. Әсел есімді құрбымның Дина деген еңбекқор әпкесі бар еді. Ол ағылшын тілінде еркін сөйлеп, Лондонға іссапарлармен жиі баратын. Дина әпкесінің Ernst and young атты халықаралық аудиторлық компаниясында қызмет ететінін айтты. Сондықтан, мен де ағылшын тілін меңгеріп, Ernst & Young-тың салық бөліміне жұмысқа орналастым. Шыны керек, алған жолымнан қайтпайтын адаммын. Нағашы әжем де сондай болатын: көздеген мақсатына жетпейінше, тыным таппайтын. Сол кісіге тартқан болуым керек.

Кейіпкердің жеке архивінен

Он жылдан астам уақыт бойы – үлкен төрттік (EY, PwC, KPMG, Deloitte) компанияларында қызмет еттім. Қазақстанмен қатар АҚШ-та жұмыс істедім. Өзім үшін ең күрделі болған сайыста жеңіске жетіп, Эдмунд Маски шәкіртақысын ұтып алдым. 2012 жылдан бастап KPMG компаниясының АҚШ-тағы бөліміне орналастым. Жолдасым екеуіміз Филадельфия қаласында тұрдық. Орталықта жақсы пәтеріміз болды, әр демалыс сайын мұхитқа барып, демалатынбыз. Алайда ол жақта ұзақ қала алмадық, отбасымыз бен достарымызды, туған жерімізді сағынатынбыз. 30 жастан асқаннан кейін, өмірді күрт өзгертіп, өзге елге бейімделіп кету оңай емес екен. 2015 жылы елге қайтуды шештік.

Astana Ladies Club

Мұнда оралғаннан кейін, өзім құрған Ladies club атты әйелдерге арналған қауымдастықты басқаруға кірістім. 2011 жылы ашылған бұл ұйымда бастапқыда бес қыз жұмыс істеген болатын, қазір қызметкерлер саны 12 мыңға жетіп отыр. Бүгінде өте көп жобалар мен тың идеяларды жүзеге асырудамыз. Тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін кеңістік құрылды. Сонымен қатар, жақында Zhaina халықаралық әйелдер форумын өткіземіз. Бұған дейін жиындарымызға 80-100 адам қатысса, қазір қатысушылардың саны 500-ге жетіп отыр.

Бизнес саласындағы әйелдер

Елімізде әйелдер басқаратын кәсіпкерлік орта енді ғана дамып келе жатыр. Мақтан тұтарлық бірнеше табысты бизнес өкілдері бар, олардың жеткен жетістігі баршаға үлгі бола алады. Көбі — кәсіпкерлікке 90-шы жылдары келген, орта жастан асқан әйел адамдар. Заман ағымы жылдам өзгеріп жатқандықтан, олардың тәжірибесі бүгінгі күнге қолайлы дей алмаймын. Ал қазір, технология мен инновациялар дамыған заманда әйелдерге бизнес саласына келуге барлық мүмкіндік бар. Ерекше жобаларды қолға алып, жетілдіре алатын кәсіпкер әйелдер Қазақстанға қажет-ақ. Кәсіпкерлікті дамытуға ғаламдық мониторинг жүргізу (GEM) жобасы бойынша, 2016 жылы әлемнің 74 елінде 163 миллионға жуық әйел адам өз кәсібін ашыпты. Ал бұған дейін осы салада жүрген әйелдер саны 111 миллион болған. Қазақстанның шағын және орта бизнес саласында өз компанияларын ашқан әйелдердің саны 50%-тен асады. Жеке кәсіпкерлер бойынша қарасақ та, әйелдер көбірек екен, 66%-ке жоғары. Болашақта бұл сан тағы арта түсуі әбден мүмкін. Бұл дегеніміз, жалпы ішкі өнім көлемінің өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы деген сөз.

Үкімет тарапынан кәсіпкер әйелдерге деген қолдау арта түссе, оның нәтижесі өте жақсы болады.

Кейіпкердің жеке архивінен

Қазақстандағы гендерлік тепе-теңдік

Елімізде гендерлік теңдік мәселесі өте өзекті. Жалақы мөлшері арасындағы айырмашылық 20 емес, тіпті 30%-ке жетіп жатады. Себептердің бірі – әйелдер бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып, бір немесе үш жылдай жұмыс істей алмайды. Осы уақыт аралығында, олардың еркек әріптестерінің қызметтегі мансаптары өсіп, беделі артады. Оның үстіне, аналарға мемлекеттен бөлінетін жәрдемақы мөлшері өте аз. Яғни, әйел адамдар жұмыстан да, мемлекет тарапынан да қаржылай қолдаудан қағылуда. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында Zhaina қоғамдық қозғалысы арқылы тиісті басқосулар ұйымдастырып, аналарға бөлінетін төлемақылардың артуы мен ана капиталын құруға бағытталған жобалар ұсынуды көздеп отырмыз.

Мен үшін ерекше үлгі тұтарлық тұлға – Опра Уинфри. Жақында өткен Golden Globe марапаттау рәсімінде оның әлемдегі әйелдер қозғалысы туралы сөйлеген сөзі көптің жүрегіне жетіп, қолдауға ие болды. Одан басқа, Шерил Сэндберг, Арианна Хафингтон, Ксения Собчак, Мирослава Дума және тағы басқалар — өз саласының нағыз шеберлері. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз рас екен. Отбасын құрып, ана атанған әйелдер, өздерінің игі істерімен айналадағы ортаға да жақсылық әкелуде.

Халықаралық әйелдер форумы

Zhainа қоғамдық қозғалысын құрудағы мақсатымыз — гендерлік тепе-теңдік, ана мен баланы қорғау, кәсіпкерлік пен STEM саласындағы әйелдердің орны мен роліне көңіл бөлу. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерді қолдау мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз әйел адамдардың барлық құқығын қорғауға бағытталған мүмкіндікті қолданудамыз. Жалпы, менің мақсатым да сол – барлық әпке, сіңлі, құрбы, апаларымның құқығын қорғау.

Менің ойымша, Қазақстандағы әрбір қыз-келіншек өмірінде бір рет болса да, гендерлік әділетсіздіктен зардап шегеді. Жастайымыздан санамызға тыйым мен күнә деген ұғымдарды әбден құйып қойған. Болашақ жар таңдау, қанша жаста тұрмыс құру, бала туу секілді мәселелерді – өзіміз емес, қоғам біз үшін әлдеқашан шешіп қойған сияқты. Отыздан асқан әйел не отбасын құрып, не жұмыста жетістікке жету керек деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Тіпті, біздің не киіп, қалай жүріп-тұруымызды да басқа адамдар шешіп жатады. Осының бәрі гендерлік құқықтың бұзылуы. Zhaina форумы – әйелдердің бойында көшбасшылық қабілеттерді дамыта алатын ұйым деп айтқанымда, ер-азаматтар түгілі, әйелдердің өздері сәл шошиды. Бірден еркектердің орнын басып алып, олардың беделін түсіргісі келетін әйелдер тобы секілді көрінеміз. Бұл күлкілі ғой! Біз олардан, не олар бізден жоғары емес. Көшбасшылық қабілетті арттыру – әйелдердің өз-өзіне деген сенімін арттыру, бойында бар ерекше әлеуетті қолдануға итермелеу, арманы мен мақсатына жетуге көмектесу.

Кейіпкердің жеке архивінен

Негізі, форумды өткізу бастамасы 8 наурыз мерекесін бірлесіп тойлау ойымен тұспа-тұс келді. Отандық және халықаралық спикерлерді шақырып, әлемде болып жатқан әйелдер қозғалысының соңғы жаңалықтары туралы айтатын боламыз. Қазір осы мәселелерді көтеретін уақыт келді. Оны елемей, көрсек те көрмегендей болып, ары қарай өмір сүруге болмайды. Қазақстан да әлемдік диалогқа қосылып, ат салыссын. Форумның Жайна деп аталуы да сондықтан.

Әйелдер үшін жайнап, жарқырап, дамитын кез келді.

Бұл — даму мен жетілдіруге итермелейтін форум. Яғни, нәтижесінде сана өзгеріп, жаңа ойлар келуі мүмкін. Біздің мақсатымыз да сол. Форумға келетін қыз-келіншектер шабыттанып, бойларындағы ақыл мен мүмкіндіктеріне сенсе екен деп тілейміз. Қатысушыларымыз жаңа идеялар мен жобалар ойлап тауып, жүзеге асырып жатса, біз тек қуанамыз. Ол — Zhaina форумының басты мақсаты орындалды деген сөз.