Нұрсұлтан Назарбаев: Жүзіміз жарқын боп талай кездесеміз

Барлығымыз қиын кезеңді бастан кешіріп жатырмыз, бұл — бүкіл дүниемен көріп жатқан нәрсе. Бұл қиыншылықты өз басымнан өткіздім. Осы кезде жанашырлық білдірген барлық жерлесіме, отандасыма шын көңілмен тағы бір ризашылығымды айтқым келеді. Қазақстанның әр саласынан, әр түкпірінен, әр өнеркәсіптен: мәдениеттен, спорттан, денсаулық сақтау жүйесінен маған айтып жатқан тілектеріңіздің арқасында күш-қуат алып, жазылып шықтым. Көп рақмет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент қазір ауырып жатқан адамдардың да тезірек жазылуын тіледі.

Қазір де сырқаттанып жатқан, қиналып жатқан жандар бар. Солардың баршасын аман-есен шығады деп сенемін. Себебі оған сену керек, көнбеу керек, жеңу керек. Біз одан күштіміз деп санасаңдар, сонда барлығын жеңеміз, — деді ол.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев туған күнімен құттықтап жатқандарға да алғыс айтты.

Бұл нәубеттен де өтеміз, ертеңгі күні жүзіміз жарқын боп талай кездесеміз. Көп рақмет, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін, 6 шілдеде Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толды.