Карантин кезінде жаназа намазын өткізу мен ас беруге қатысты ереже

Діни басқарма карантин кезінде жаназа намазын өткізу және ас беруге қатысты мәлімдеме жасады.

Діни шараларды ұйымдастырғанда келесі ережелер сақталуы қажет.

1. Жаназа намазына қатысты:

— Жаназа намазына бір ғана діни қызметкер қатысу;

— Жаназа намазына тек отбасы мүшелері мен марқұмның жақын туыстары ғана қатысу;

— Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

— Жаназа намазына дене қызуы бар немесе жөтеліп жүрген кісі мүлдем қатыспау;

— Жаназа намазы кезінде міндетті түрде санитария нормаларын (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтау;

— Індеттен қайтыс болған адамның мәйітін дәрігер нұсқауына сай жуу;

— Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақыты 5 минуттан асырмау;

— Жаназа намазы кезінде қол алысып амандаспау;

— Жаназа намазында сап түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

— Мәйітті жер қойнына тапсырғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

— Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар және жас балалар жаназа намазына қатыспау;

— Қонақ асын өткізбеу;

— Жаназадан кейінгі асты өткізбеу немесе өткізген жағдайда отбасы мүшелерімен  ғана шектелуі керек.

2. Ас беруге (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты:

— Астарды өткізбеу немесе отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен шектелу;

— Бір ғана діни қызметкер қатысу;

— Санитария нормаларын (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау қажет.