Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды. Ертең Ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін Денсаулық сақтау министрі түсініктеме береді, — деп жазды Президент.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына коронавирус инфекциясының одан ары тарауына жол бермеу үшін енгізілетін 10 шара туралы айтты. Сонымен бірге министр карантинге қатысты 3 сценарий ұсынды.

Бірінші сценарий. Карантинсіз тамыз айының соңына қарай күніне COVID-19 жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекция және провизор стационарынан 300 мың адамға орын қажет болады.

Екінші сценарий — екі апталық ұлттық локдаун. Бұл кезде ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне жеті мың жағдай тіркеледі.

Үшінші сценарий — төрт апталық локдаун. Ол кезде тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне 2 500 оқиға тіркеліп, төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі.