Президенттің айтуынша, төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін халық еркінсіп кетті, азаматтар қауіпті фаза аяқталды деп ойлады.
Қауіп дұрыс бағаланбады, азаматтар медицина ережелері мен нұсқауларын ұстануды доғарды, кейбіреу «ешқандай ауру жоқ» деген қауесетке сене бастады. Бірақ COVID-19 әлі де зор қауіп төндіріп отыр. Сол себепті Үкімет карантин шараларын күшейтті, дегенмен бұл торығуға, депрессияға себеп емес. Біз бұрынғысынша өмір сүре беруіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары бұл дағдарысты еңсеретінімізге сенуі керек деп біледі.
Дүниежүзінде адамдар карантинде отбасы нығайғанын, балаларымен қарым-қатынасы жақсарғанын, оларға көп көңіл бөле бастағанын айтып жатыр. Суретшілер, музыканттар, жазушылар мен ақындар карантин кезінде шығармашылықпен өнімді айналысқанын айтып отыр. Басқаша айтқанда, ең жаман деген жағдайдың өзінен пайда көре білу керек. Қай дағдарыста да жаңа мүмкіндік болады, — деді Президент.
Онлайн форумда Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.