Форумда Президент коронавирусқа тойтарыс беру үшін мемлекет теңдессіз шараларды қолға алғанын айтты.
Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы нашар отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды. Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы белсенді түрде жүзеге асырып жатыр. Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіріп отыр. Ең әуелі осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев вирус жұқтырғандар тезірек сауығып кетсін деген тілек айтып, жұртты қиын кезеңде жауапты болуға үндеді.
Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл — қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу әрбір азаматтың өз қолында. Бұл ең әуелі қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын: «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажет шараны жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 127 науқас қайтыс болды.