Қызылорда облысында 101 жас Назарбаев мектебін бітірді

Қазақстандағы коронавирусқа қатысты ахуалға байланысты Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектеріне аттестат тапсыру шарасында санитария талаптары қатаң сақталды.

Мектептің баспасөз қызметі хабарлауынша, биыл зияткерлік мектепті 101 жас бітіріп, оның 14-і «Алтын белгі» және ерекше аттестат иеленді. 23 бітіруші Назарбаев университетіне оқуға қабылданса, үш түлек Америка, Чехия және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының 100% білім грантына ие болды. Тағы алты жас Америка, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Венгрия және Испания елдерінің университеттерінде оқуға жартылай грант пен жеңілдікке қол жеткізді.

Мектеп директоры Бақыт Жұматай түлектерді құттықтады.

Мектебіміздің негізгі ұстанымының бірі –түлектерімізді жоғары академиялық терең біліммен қаруланған, үш немесе одан да көп тілді жетік меңгерген, кең ауқымды дағдылары қалыптасқан, еліміздің және әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсуге қабілетті, белсенді азаматтық ұстанымы бар, ұлтжанды тұлға ретінде тәрбиелеу. Бүгінде сіздер жеткен жетістікті саралай келе барлық көздеген мақсатқа жеттік деп айта аламын. Алдағы уақытта алдарыңызға үлкен мақсат қойып, уақытты дұрыс пайдаланып, қажырлы еңбек ету арқылы талай табысқа жететіндеріңізге сенімдімін. Сапарларыңыз сәтті болсын!, — деді Бақыт Жұматай.

Салтанатты жиында түлектер білім мен ақыл-кеңесін аямаған ардақты ұстаздарына жылы лебізін жеткізді.