Парольді қалай құрастыру керек?
IT-маман Ерғали Алдекеновтің айтуынша, адамдар көбіне парольді жаттауға ыңғайлы, өзіне таныс сандар мен әріптерден құрастырады. Оп-оңай тауып алуға болатын парольдердің қатарына адамның аты-жөні мен туған жылынан құралған таңбалар жиынтығы да жатады.
Оңай ашылатын парольдер көбіне мынадай: 1234, 1234567890, qwerty, abc123, Aaa123, qwerty1236, 121212, test1 және тағы басқа. Адамдар көп қолданатыны сонша, арнайы сайттарда бұларды пайдаланбау керек екені жарияланып тұрады, — дейді маман.
Жақсы ойластырылған пароль — шабуыл құрбанына айналмаудың бірден-бір жолы. Маманның айтуынша, кейде сенімді сервис құрастырып берген парольді де қолданған дұрыс.
Парольдің мұншасы сан, мұншасы әріптен тұруы керек деген ереже жоқ. Пароль осындай әдіспен құрылса, оны бұзатындардың жұмысын жеңілдетер едік. Пароль кіші әріп, бас әріп, тыныс белгісі мен сандарды араластыра 12 символдан асып құрастырылса, оны қауіпсіз деп есептеуге болады, — дейді Ерғали Алдекенов.
Жеке парақшаны шабуылдан қалай қорғауға болады?
Жеке парақшаның паролін жиі ауыстыру қауіпсіздікті күшейтеді, бұзылуына жол бермейді.
Парақшаны жеке нөмірмен байланыстырып, оған қосфакторлы аутентификация жасап қойса, оның қауіпсіздігі одан да артады, — дейді IT-маман.
Желіде жарияланып, кейін өшірілген материал қайда сақталады?
Кез келген материалды желіге жүктерден бұрын ойланғанымыз жөн. Себебі жарияланған нәрсе ешқашан түбегейлі өшпейді. Қолмен өшіргенімізбен материал жүктелген сайттың серверінде қалады. Тек бір сайтта болып қоймай, бірнешеуіне тарап кететіні бар. Біреуінен жойылғанымен басқа сайттарда сақталуы мүмкін.
Көп жағдайда бір жерде жарияланған фотоны, видеоны немесе тағы басқа материалды түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен дүниежүзінде мұндай амал бар. Адамның интернеттегі бүкіл мәліметін жоятын сервис шыққанын естіп жүрміз, — дейді программист.
Ал бұрын жүктелген нәрсені кез келген адамның тауып алуы екіталай, бірақ материал түріне қарай интернеттен іздеген нәрсені тауып беретін сайттар бар.
Мессенджердің қайсы қауіпсіз?
IT-маман Қазақстан азаматтары көп қолданатын мессенджерлердің ішінде Telegram-ды ең қауіпсізі деп есептейді.
Telergam-да құпия чат функциясы бар. Бұл чат толық шифрленген, қандай әдіспен болса да, оны бұзу мүмкін емес. Жеке мәліметті осы чат арқылы жіберіп, кейін өшіріп отырамын. Telegram өзінің қауіпсіз екенін бірнеше рет дәлелдеген, — дейді ол.
TikTok видеохостингі қауіпті ме?
Қазір TikTok желісіне тіркеліп, видео түсіретін адам көп. Мамандар ол балаларға қауіпті екенін айтып жүр. Ерғали Алдекеновтің айтуынша, кез келген әлеуметтік желінің балаға кері әсері бар, педофилия мен жезөкшелікке және жат діни ағымдардың насихатталуына жалғыз TikTok-ты кінәлауға болмайды.
Интернетке қатысты кез келген келеңсіз жағдайға басқа да әлеуметтік желілердің ықпалы бар. Егер қылмыс пен тәртіпсіздік тек TikTok-қа қатысты айтылса, бұл осы видеохостингіге жасалып жатқан шабуыл болуы мүмкін. Себебі ол біраз әлеуметтік желіні басып озып барады. Ал бұл желі дүниежүзі деңгейінде зиян деп танылса, онда оның қатарына адамдар күнделікті қолданатын басқа желілер де кіруі керек, — дейді маман.
Кибериммунитет қарапайым нәрселерді ескеруден басталады. Олар: күдікті сілтемені ашпау, осал пароль қолданбау, ашық Wi-Fi-ға қосылмау және тағы басқа.
Әр адам кибершабуылдан қорғанғысы келсе, ізденіп, мамандар айтқан кеңеске құлақ асуы керек. Цифрды қолдану гигиенасы туралы мәлімет көп, — дейді Ерғали Алдекенов.