— Сергей, Big data-ның не екенін қарапайым тілмен түсіндіріп беріңізші?

Қазір Big data термині көп айтылып жүр. Бірақ нақты айналыспаған соң көбі оны дұрыс түсіне бермейді. Әсіресе, деректер базасымен шатастырады. Мысалы, қолымызда әр подъезге орнатылған бейнекамералардағы бүкіл видео бар деп есептейік. Алматыда күніне шамамен 8 гигабайт видео жиналады. Осындай көп ақпарат пайдаға жарамаса, деректер базасы болады. Енді осы ақпаратты Big data деп атау үшін сол камераға адамды идентификациялау керек. Камера үйге кірген әр адамды танып тұрса, мұны Big data деп атай аламыз. Демек, Big data дегеніміз — қолымызда бар ақпараттан жаңа бір мәлімет алу. Кейін сол мәлімет арқылы белгілі бір қорытынды шығаруға болады. Көп ақпараттың бәрі Big data емес.

— Big data-ның маңызы қандай?

Сергей: Мысалы, елімізде белгілі бір жеңілдікпен дәрі алатын адамдар бар. Бірақ сол дәрінің жеткен-жетпегені туралы нақты дерек жоқ. Қолмен тексергенде шықпады. Жақында нейрон желі арқылы кімге дәрінің үлестірілгенін, кімге жетпегенін анық білетін жағдай жасалды. 18 миллион адамды қолмен тексеріп шығу біраз уақытты алады. Ал Big data-мен бұл ақпаратты бірнеше секундта қарап шығуға болады. Сонымен қатар кез келген компанияның қызметін онлайн алғанымызбен жүктелуін 30 секундтай күтіп қаламыз. Егер осы компания Big data-мен жұмыс істесе, қызмет бір-екі секунд уақытты алар еді. Қазір пайда болып жатқан жүргізушісіз автомобильдер де — Big data-ның жемісі.

Сергей Ахметов
Сергей Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Big data бойынша үлкен тапсырыс беруші — мемлекет. Себебі мемлекет бәрін бақылауда ұстағысы келеді. Сондықтан Big data-ға ең бірінші қызыққан — биліктегілер, Ішкі істер департаменті, прокуратура. Қазір бұл тізімге Денсаулық сақтау министрлігі қосылды. Бұл нәрсе баяғыдан болды, бірақ қазіргідей аталмады. Себебі ол кезде технология басқа еді.

Big data-ны бұрын пайда болған технологияның жаңа, дамыған түрі деуге болады. Big data — жылдамдық, көлем, күнде қосылатын мәлімет. Бұл — үлкен жоба.

Ерғали: Медицинада дәрігер бірнеше рентгенді қарап, анализ жасауы керек. Бұған сәйкесінше көп уақыт кетеді. Ал жасанды интеллект дәрігердің жұмысын жеңілдетеді. Оған көп рентген мен бір диагнозды енгізесіз. Осылай қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамды анықтауға болады. Бірақ нейрон желі бұған бірден үйренбейді. Техниканы да кішкентай балаға үйреткендей, жайлап бастайсыз. Ол адамды алмастырмағанымен кәдімгідей көмек бере алады. Big data-ның пайдасын әлемде де, Қазақстанда да күнде көріп жатырмыз. Мысалы, таксиге тапсырыс бергенде, жүргізушіге қосымша ең қолайлы әрі тез жеткізетін жолды сызып береді.

Ерғали Алдекенов
Ерғали Алдекенов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазақстан Big data-мен жұмыс істеуге қаншалықты дайын? Сұраныс бар ма?

Сергей: Big data туралы айтқанда оны екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі — data engineering, екіншісі — data science. Біріншісі көп ақпаратпен жұмыс істеу үшін белгілі бір архитектура құрады. Дәл осы сәтте бізге жұмыс істеу қиын. Себебі Қазақстандағы біраз жүйе біздікі емес, көбін шетелдік компаниялар құрастырған. Egov-ты өзіміздікі деп айтады, бірақ оның өзі күмәнді. Үлкен нәтижеге жету үшін бәрінің біріккені керек. Ал бізде әртүрлі жүйе болған соң бәрі интеграцияланбай тұр. Нақты нәтиже көрінбей тұрғаны да осыдан. Бізде Құқық қорғау органдары бір жүйеде, Денсаулық сақтау министрлігі басқада. Сондықтан мұның бәрінен көп ақпаратты алу мүмкін болмай тұр. Ал деректерді ала алмау — Big data-ға үлкен кедергі.

Біріншіден, бұл мәселені шешу үшін бүкіл министрліктің дерегі бір жүйеге жиналуы керек. Әлемдік стандартта бір жүйенің айналасына бәрі құрылады. Бізде керісінше, әр министрлік өзінше жүйе құрып, әрқайсының жұмысы бөлек жүріп жатыр. Мемлекет Big data-ға келеміз деп шешсе, біз сияқты IT-компанияларға мәліметті ешқандай шектеусіз беруі керек. Өкінішке қарай, бізде әр мәлімет әртүрлі сақталады. Кей дерек енбей қалады. Негізі мұның бәрі автоматты түрде орындалуы керек. Мысалы, Алматыдан ақпарат бүгін түссе, Қызылордадан екі аптадан кейін келуі мүмкін. Ал Big data мұндайды түсінбейді.

Сергей Ахметов
Сергей Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екіншіден, мемлекет IT-компанияларға сенбейді. Көбіне орыс, украин IT-мамандарын жөн көреді. Меніңше, биліктегілер Big data-ны дұрыс түсінбей жүрген сияқты. Термин жаңа ғой. Олар қазір жетіп жатқан жетістіктерді үлкен деңгей көреді. Себебі Ресейден кей жағдайда озып тұрмыз. Бірақ оларды бізбен салыстырудың қажеті жоқ. Себебі біз олардан азбыз, сәйкесінше, жұмыс тез бітеді. Олар қалып жатыр, себебі халық көп.

— Цифрландыруда бізге не қажет? Нені игере алмай жатырмыз?

Сергей: Әуелі бізге орта керек. Мемлекет жаңа дүниеге ашылуы керек. Маған жаңа идея келсе, оны биліктегілерге жеткізу қиын. Меніңше,  қанша жас маман керемет идеясын жүзеге асыра алмай жүр. Себебі олар биліктегілермен байланыса, көзбе-көз сөйлесе алмайды. Билік: «Халыққа ашықпыз,» — дейді. Іске келгенде қандай екенін шын барған, кіре алмай қайтқан адам біледі. Билік автоматтандыру, цифрландыру туралы көп айтады. Бірақ халыққа әлі де түсініксіз нәрсе көп. Бұл жерде бірдеңе дұрыс емес екені анық.

Қарапайым сұрақ: «Бізге мекенжай анықтамасы неге керек? Мемлекетке жұмысқа тұрып жатқан адам неге оның өзіндегі құжатты апарып тапсыруы қажет?». Бұл сұрақты бірнеше адамға қойдым, ешкім жауап бере алмайды. Неге халық уақытын, күшін жұмсап, анықтаманы алып, оны мемлекетке қайта өткізуі керек? Ойлаңыз, бұған қанша қаражат кетіп жатыр? Осы сияқты логикаға келмейтін талап пен іс көп.

— Цифрландыру аясында қандай әрекет дұрыс жасалмады деп ойлайсыз?

Сергей: Мемлекет әр смартфонға сертификат орнатқысы келіп, біраз ұятқа қалды. Көбіне кішкентайларды қорғаймыз деп сылтауратады. Мұндай нәрсені айтпас бұрын қажет немесе қажет емесін халықтан сұрауы керек еді. Кері байланыс жоқ. Бірнәрсені ойластырады да, бас салып енгізіп жібереді.

Жұмыстың нәтижесін көрсететін – халық. Дұрыс жұмыс істеп жатсаң, халық риза болады.

Сергей Ахметов және Ерғали Алдекенов
Ерғали Алдекенов және Сергей Ахметов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сертификатты қазір жойғанымен, болашақта келуі мүмкін. Бірақ басқа форматта. Ал халық «Хакерлер бізден алыс» деп ойлайды. Жеке куәлікке, банк картасына адамдар ұқыпты қарайды, ешкімге бермейді, сөмкенің ішкі қалтасына тығып ұстайды. Дәл осындай жауапкершілікпен смартфонға да қарау керек. Мұндай мәдениет бізде қалыптаспады. Парольді біліп алу өте оңай. Интернетте ең көп кездесетін парольдің мысалдары да бар. Сондықтан смартфондағы деректі сақтау әр адамның өзіне байланысты.

Цифрландыру жемқорлықты жояды. Сондықтан ең әуелі білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары цифрлануы керек. Бір жағынан әлі де цифрлануға толық жетпей жатқанымыз да осы себептен болуы ықтимал. Егер цифрландыру жемқорлықты жойса, біраз адам көздегенінен қағылуы мүмкін.

— Big data бойынша сауатты IT-маман жеткілікті ме? Сұранысты өтеп жатыр ма?

Ерғали Алдекенов
Ерғали Алдекенов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ерғали: Жағдай қуантарлықтай емес. Білімді IT-маман болса да, іске келгенде ақсап жатады. Теория болғанымен тәжірибе жетпейді, кейде теорияның өзі жеткілікті деңгейде емес. Сондықтан компаниялар мықты IT-маманды өздері тәрбиелеп шығаруға мәжбүр. Бұған студенттердің мамандықты өзі таңдамауы да себеп. «Ата-анам айтты» деп, өзіне ұнамайтын саланы оқиды. Cоңында түк те түсінбейді, қызықпайды. Университеттер әрі кетсе, үш жыл бұрынғы бағдарламамен оқытуы мүмкін. Ал IT ондайды ұнатпайды, ол бүгін өзгереді. Әр оқытушы студентпен бірге жаңалықты қуып жетіп отыруы керек. Оқу орындары трендті біз жасаймыз деп ойлайды. Негізі нарық талап етеді, оқу орындары соған қарай жұмыс істеуі қажет.

— Пікірлеріңізге рақмет!