2019 жылдың екінші тоқсанында әлемнің 203 еліндегі осы компанияның вирусқа қарсы шешімдері орнатылған құрылғыларға хакерлер 717 мың рет шабуыл жасаған. Қазақстанда интернет қолданушыларының 24%-і киберқылмыскерлер құрбаны болыпты. 2019 жылдың алғашқы үш айында интернеттегі қаскөйлер ел азаматтарының паролін ұрлауға 8 мыңдай әрекет жасаған.

Интернет қолданушыларының алаяқтарға жиі жем болуына олардың киберқауіптен сақтана білмеуі себеп. Оны мамандар «кибериммунитеттің болмауы» деп атайды.

«Касперский лабораториясы» компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі директоры Сергей Земков пен Қазақстандағы директоры Евгений Питолин осы дағдыны қалай қалыптастыру керек екенін, яғни азаматтар жеке бас мәліметін киберқылмыскерлерден қалай қорғауға тиіс екенін түсіндірді.

Енді оны тарқатып айтайық. IT-мамандар қаржы мен жеке басқа қатысты дерекпен байланысты кез келген іс әрекетті қайта-қайта тексеруге кеңес берді.

Ешкімге сенбеңіз! Егер танысыңыз күдікті бірдеңе жазса немесе әлеуметтік желіде, мессенджерде ақша сұраса, оған хабарласып, мән-жайды анықтап алыңыз, яғни маңызды ақпаратқа қатысты кез келген іс-әрекетті тексеріңіз. Кейде гаджеттегі ақпаратты адамның өзі қадағалай алмайтын кездер болады. Сол үшін гаджетке сенімді қорғау құралын енгізіп қойған жөн, — дейді Евгений Питолин.

киберқауіпсіздік
Иллюстрация: Dribbble.com ©ASIF B

«Касперский лабораториясының» Қазақстандағы басшысының пікірінше, қазіргі жастардың көбі жеке бас мәліметінің қауіпсіздігі туралы біле бермейді. Олар әлеуметтік желіде өздері туралы көп ақпарат беруге құмар. Мысалы, кейде жастар ұшаққа отырғызу талонын жариялап жатады. Ал оны кез келген қолданушы пайдасына жаратып кете алады. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде жариялайтын дүниелеріңіздің этикасына да мән беру керек.

Желіде жариялаған қандай да бір бейәдеп видео немесе сурет 20 жылдан кейін карьераңызға, жұмысқа орналасуыңызға немесе саясат жасауыңызға кедергі келтіруі мүмкін. Өзіңіз жариялаған кез келген ақпарат ерте ме, кеш пе алдыңыздан шығып, болашағыңызға зиянын тигізеді, — дейді маман.

Интернеттегі парольдеріңіздің күрделі болғаны жөн. Евгений Питолиннің айтуынша, желіде пайдаланатын қызмет-сервисіңізді де көпшілікке жария ету қауіпті.

Қазіргі кибершабуылдардың көбі жеке азаматтардың әлеуметтік желідегі парақшасына жасалады. Әсіресе, оңай парольдер тез бұзылады. Киберқылмыскер парақша арқылы мол ақпаратқа қол жеткізеді. Тіпті, парақша иесінің атынан бірнеше маңызды іс-әрекет жасауы мүмкін. Қазір азаматтар парақшасы арқылы түрлі қызметке тіркеледі. Мысалы, каршеринг компаниясына, — дейді IT-маман.

Сергей Земковтың айтуынша, әлеуметтік желіде қандай каршеринг операторын қолданатыңызды жазу алаяқтарға жеке идентификаторыңызды қайдан табуға болатынын білдіреді. Компьютер вирустарынан, хакер шабуылдарынан және басқа да киберқауіптен сақтану жүйелерін жасаушы компания мамандары сонымен бірге жеке куәлік нөмірін, ЖСН, тағы басқа жеке мәліметті мессенджер арқылы ешкімге жібермеу керек екенін қатаң ескертті. Олардың айтуынша, көп қауіпті болдырмау үшін жай ғана ойланған дұрыс және цифрландыру дәуірінде уайымсыз өмір сүру үшін баланың киберқауіпсіздік туралы сауатын жастайынан ашқан жөн.