Басты бетЖаңалықтарТарихшы: Қуғын-сүргінге...

Тарихшы: Қуғын-сүргінге ұшыраған қарапайым адамдар ақталуы керек

Тарихшының айтуынша, 1-2 ай бұрын 20 шақты ғалым саяси жала мен оның салдарынан ақталмаған адам әлі де көп екенін айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

Бүгін шешім шығарып, комиссия құруға тапсырма бергені қуантады. Мемлекеттік комиссияның алдында өте қиын жұмыс тұр. Репрессияға ұшыраған миллиондаған тағдырды ақтау үшін дерек жинау керек, мысалы, олардың тек өзі ғана емес, әйелдері, балалары да қуғынға ұшырады. Сол кезде зардап шеккен адамдардың тізімін жасап, шамамен санын келтіріп, категорияларға бөліп, анықтау керек. Кезінде милицияның үкімі шыққан қағаздар жойылып отырды. Адам құқығы солай тапталды. Азаматтар отбасынан айырылды, дүние-мүлкі тәркіленді. Комиссияның жұмысы оңай болмасы анық. Өйткені құрбандардың көбі туралы ақпарат, құжат жоқтың қасы. Мәселен, шетелге кеткен қазақтардың біразы атылды, қырылды. Оларды табу қиын болуы мүмкін, — дейді Мемлекет тарихы институтының директоры.

Бүркітбай Аяғанның айтуынша, осы кезге дейін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі адамдар ғана ақталды. Құрылғалы отырған мемлекеттік комиссияның мақсаты сол кезде сотсыз, тергеусіз жала жабылып, жапа шеккен қарапайым азаматтарды — жұмысшы-шаруаны да анықтап, ақтау болуға тиіс.

1990 жылы академик Манаш Қозыбаев бастаған комиссия жұмыс істеді, бірақ ол кезде сот пен прокуратура қағазда бар адамдарды ғана ақтаймыз деді. Олардан басқа мыңдаған, бәлкім, миллиондаған азамат бар, мәселен, Талдықорғаннан, Алматыдан, Шығыс Қазақстан облысынан шетел асып кеткендер бар. Олар ақталған жоқ. Соттың шешімімен емес, милицияның үкімімен қудаланғандар көп болды. Елдің түкпір-түкпірінен бай-кулак малы тәркіленді, өздері жер аударылды, көбі отбасымен Сібірге айдалды. Олар да бірден ақталған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін біразын ақтауды қолға алдық, бірақ, өкінішке қарай, аяқталмай қалды. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Қудаланғандардың 90%-і — қарапайым жұмысшы мен шаруа, — дейді тарихшы.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан халқына үндеу арнаған еді. Президент 20-50 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысатын мемлекеттік комиссия құрылатынын айтты.