Нутрициология ғылымы дұрыс тамақтану арқылы салауатты өмір салтын ұстануды үйретеді. Талшын Артыққызы әлеуметтік желіде осы ғылым туралы жаза бастағанда қазақша сөйлейтін аудитория оның көп пікіріне қарсы болған.

Желіде деннің саулығы үшін қай тамақты жеуге болмайтынын, ненің зиян екенін және балаға қалай дұрыс тамақ беру керек екенін жазғанымда жазылушылардың көбінен қарсы пікір естідім. «Осы уақытқа дейін жеп жүрген тамағымыздан өлмедік, ештеңе болған жоқ», — дегендер де болды. Тамақтың зияны бірден байқалмауы мүмкін, бірақ 5-6 жылдан соң дұрыс тамақтанбай жүрген адам денсаулығына шағым айтып жатады. Іштегі токсиндер ағзаны әбден улап, оны «қоқысқа» толтырған соң ғана адамдар ауруына ем іздеп, дәрігерге жүгіреді, — дейді нутрициолог.

Маманның бұл салада көп ізденуіне баласының ұзақ уақыт іші ауырғаны себеп болған. Дәрігерлер жазып берген емнің көмегі болмаған соң отбасымен дұрыс тамақтануға көшкен.

Талшын Артыққызы. Фото жеке архивінен

Балам 6 айға толғаннан бастап оның дұрыс тамақтануына мән бердім. Отбасыма кез келген дәріні, антибиотикті іше бермеуді үйреттім. Барлық ауруды дұрыс тамақтану арқылы емдеуге болатынын білдім. Ағзаға қажет нутриенттер, витаминдер және минералдың бәрін тамақтан алуымыз керек. Тамақтан түскен витамин ағзаға толық сіңеді. Қазір биологиялық белсенді қоспа мен витамин көп. Оларды нормасынан асырып я себепсіз іше берсе, ағзаны улай бастайды, — дейді Талшын Артыққызы.

Маманның айтуынша, бала құрсақта жатқаннан ана дұрыс тамақтануы керек. Әйел жүкті кезде дұрыс тамақ ішпесе, балада микробиом қалыптаспайды. Содан бала семіздікке бейім болады. Жүкті аналар фастфуд жесе, газды сусын ішсе, іштегі баланың ағзасы бұл тағамдардан тітіркенеді. Бала туғаннан кейін дерматит, диатез, іштің шаншуы сияқты түрлі ауру анасы жүкті кезінде осындай зиян тамақ жегенінен болады.

6 айлық баланың асқазанында ас қорыта алатын ферменттер пайда болады. Бала 6 ай мен 7 жас аралығында әртүрлі мөлшерде тамақтанады. Салмағына, асқазанының көлеміне байланысты өзгере береді.

Алғашқы 6 айда бір-екі қасықтан бастап, 50 грамға дейін тамақ ішеді. Бір жасқа дейін бала 200 грамға дейінгі мөлшерде тамақтана алады. Тамақ рационынының аралас болғаны маңызды. Тағамында ақуыз, көмірсу, май арақатынасы міндетті түрде дұрыс болуы керек. Көмірсу шамадан тыс көп болса, тәбеті, ақуыз артса, ішек жүйесі бұзылады. Май шамадан артық болса, қанайналым жүйесі бұзылып, семіздік пайда болады. Ет пен сүт өнімдерін 8,5 айлығынан бастап рационға енгізеді. Онда да нормадан аспауы керек, — дейді маман.

Нуртициологтың айтуынша, баланың ағзасы 6 айлығында жеген тамағына қарай бейімделеді. Кішкентайынан қантқа, тәттіге үйретсе, рецепторлары солай қалыптасып, кейін дұрыс тамақтануға көшкенде ағза бәрібір тәттіні қалап тұрады. Солайша ата-ана саналы түрде баланы пайдалы не зиян тамаққа үйретеді. Бала оған дейін ана сүтінен басқаның дәмін білмейді.

Нуртициолог дүкеннен балалар тағамын сатып алмас бұрын оның құрамын толық оқу керек екенін айтады. Өйткені қазіргі өндіріс пен технологияның қарыштап дамуы тағамды бірнеше рет өңдеуден өткізіп, сапасын жойып жібереді.

Қазір тамақ  өндірушілер тауарын өткізу үшін неше түрлі қулыққа барады. Маргарин немесе пальма майы зиян. Оны бәрі біледі. «Пальма майы» деп айтқысы келмесе, өнімнің қаптамасына «өсімдік майы», «май» деп қана жазады. Қоспалардың атын жазбай, бояуларды Е170, Е140 деп белгілей  салады. Тұтынушылар оның бояу екенін түсінбей, сатып ала береді. Ең дұрысы әрі сенімдісі — балаға да, өзіңізге де тағамды табиғи өнімдермен үйде дайындау, — дейді Талшын Артыққызы.

«Қант пен тұз — ақ у» деп бекер айтпаған. Бала жыласа, қолына тәтті ұстата салмау керек. Қантты жемістен, көкөністен алса, ол табиғи болады. Глюкоза, фруктоза табиғи түрде ағзаға сіңімді әрі пайдалы.

Өңделген қанттың зияны айтпаса да түсінікті. Мысалы, күріштен ботқа жасап, оған қант қоссаңыз, құнары кемиді. Қазір балалар арасында қант диабеті мен семіздік, аллергия аурулары өте көп. Бастауыш сынып баласының дене салмағы жасына сай емес. Демек, анасы 6 айлығынан бастап тамағына қант пен тұз қосып, ағзасын соған үйреткен, — дейді нутрициолог.

Балаға қанттың орнына кепкен жемісті, балды, жемістің езбесін қосып беруге болады. Дүкендегі құрамы бояғышқа, ароматизатор мен консервантқа толы өнімді жегізбеу керек. Өсе келе газды сусынға, мектепке барғанда қытырлақ картопқа әуестенбегені жөн. Тұзды шамадан тыс пайдалану денеге су жинап, ісіндіреді. Бүйрек, қан-тамыр ауруларына әкеледі.

Талшын Артыққызы бала жиі ауырмасын, көңіл-күйі тез бұзылмасын, дамуы баяуламай, әлсіз болмасын деген ата-ана дұрыс тамақтануды қазірден қолға алғаны жөн екенін айтады. Нутрициолог дұрыс тамақтануды отбасы әдетіне айналдыруға кеңес береді.