Жүрек неге шаршамайды?

Адамның жүрегі минутына 70-75 рет соғып, жүрек циклі 0,9-0,8 секундқа созылады. Оның 0,1 секундында жүрекше жиырылады, қарынша 0,3-0,4 секунд жиырылады. 0,4-0,5 секундта қарынша мен жүрекше босаңсып, үзіліс болады. Жүрек циклына арналған уақыттың жартысы жиырылуға, ал қалған жартысы босаңсу мен үзіліске кетеді. Сондықтан жүрек әр циклде жұмыс істеп те, демалып та үлгереді. Негізі бұлшықет оттегінің жетіспеуі мен энергияның азаюынан шаршайды. Сол үшін адам көбірек қозғалуы керек. Дене қозғалғанда бұлшықет жиырылып, қан жақсы жүреді. Ал қан бұлшықеттерді оттегімен және қорек заттармен байытады. Ол жүрек-қан тамырлары ауруларын болдырмайды. Мысалы, никотин алдымен жүректің жиырылуын жиілетіп, қан тамырларын тарылтады. Содан жүректің бұлшықеттері тез шаршайды.

Неге есінегенде дыбыс дұрыс естілмейді?

Адам есінеп, жұтынғанда есту түтігі жұтқыншаққа ашылады. Әдетте, ол жабық тұрады. Есінегенде ортаңғы құлақ пен жұтқыншақты байланыстыратын арнаға ауа толады. Ортаңғы құлақ қуысындағы қысым атмосфера қысымымен бірдей. Ондағы қысым кенеттен төмендеп немесе жоғарылап кетсе, құлақ бітеліп, уақытша естімей қалады. Әсіресе, бұл ұшқанда байқалады. Мұндай жағдайда жиі-жиі жұтыну керек. Ал жұтынғанда ортаңғы құлақ қуысындағы қысым атмосферадағы ауа қысымымен теңесіп, дыбыс дұрыс естіле бастайды.

Тіске жүйке жүйесі не үшін керек?

Жүйке тістің күшін сезіну үшін қажет. Ол бастапқыда тістің қалыптасуына, өсуіне, бөлінуіне, мамандануына көмектеседі. Сонымен бірге жүйке тісті сезімтал етіп, заталмасуды бақылайды. Сезімталдығы жоқ тіс те қызметін атқаруы мүмкін, бірақ ол тез сынғыш келеді.