Карантин – сынақ кезеңі. Бұл сәтте халықпен кері байланыс күшейтіліп, төтенше жағдай кезіндегі барлық сауалға жауап беру маңыздылығы да жоғары. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осыған байланысты мәлімдеме жасады.
42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті барлығы ала алмағаны түсінікті. Біреу заңдылығына сәйкес ала алмаса, біреулерге басқа да себептермен берілмеді. Алайда біз әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бюджеттен тыс көздер есебінен көмек көрсете отырып, барынша қолдауға тырыстық. Мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің кәсіпорындарға: «Орда капитал» АҚ, «Дорстрой» ЖШС, «Абай Даулет» ЖШС, «Жан Арай» ЖШС, «Ер-Али» ШҚ және басқа да ондаған кәсіпкерлерге, барша қайырымды жандарға осы қайырымдылық акциясына қатысқандары үшін ризашылығымды білдіремін. Облыс көлемінде 83 мың мұқтаж отбасыға 1,5 миллиард теңге көлемінде көмек берілді. Жолданған сауалдардың ішінде елді мекендердің арасындағы қозғалысқа шектеулер туралы да шағымдар аз емес. Бұл шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Өйткені адамның өмірі мен денсаулық мәселесі тұр. Елімізде Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен аймақта эпидемияның тоқтамауына байланысты карантин режимін жалғастыруға шешім қабылдадық. Осы себепті, бетперде тағып, залалсыздандыру құралдарын пайдаланып жүру қажет және әлеуметтік арақашықтықты сақтаған дұрыс, — деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі тұрғын үй коммунал шаруашылығы саласына қатысты да пікірін білдірді.
Жолданған өтініштердің 25%-ы осы салаға қатысты. Әсіресе, Қызылорданың тұрғындарын жол сапасы мен газдандыру мәселелері толғандырады. Алайда жол құрылысы — бұл бюджеттің ең қымбат бөліктерінің бірі. Сондықтан барлық проблемалы учаскені бірден қамту мүмкін емес. Дегенмен биыл Қызылорданың ауылдық округтерінде және шағын аудандарында 196 көшені жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, бұл жұмыстар «Саяхат», «Сәулет», «Арай» шағын аудандарында жүргізіледі. Ал «Коммунизм», «Ақмешіт», «Рисмаш», «Гагарин», «Шанхай», «СПМК 70», «Титов» және тағы басқа да шағын аудандардың кейбір бөлігіндегі жолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Қызылжарма, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақжарма, Белкөл, Талсуат, Тасбөгет кенттеріндегі көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Барлығы 146 шақырым болады, — деді Қызылорда облысының әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек аудандары мен Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентінде газдандыру жұмыстарын аяқтап, Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев пен Шиелі ауданына қарасты Байсын елді мекендерінде газ жүргізіле бастайды. Оған қоса, министрліктермен Қызылордаға қарасты Наурыз, Махамбетов ауылдарын, Қазалы қаласын, Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентін және Шиелі ауданының Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов, Алғабас және Ақмая елдімекендерін 2021 жылы газға қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Төретам мен Ақайға қатысты жобалармен жұмыс жүріп жатыр.
Өздеріңіз білетіндей, биыл әлем нарығы құлдырап, көптеген басқа мемлекет сияқты біздің ел де бюджетке есептелген сомаға қол жеткізе алмады. Осыған қарамастан, мемлекет теңдесі жоқ шараларға барып отыр. Олардың бірі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «5-10-20» қолжетімді несиелік баспанасымен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобаны іске асыру. Ендігі біздің міндетіміз – осы жобаны іске асыру үшін облысқа барынша көбірек қаржы тарту мәселен министрліктермен пысықтау. Бүгін біз 1630 пәтерлік 20 жалға берілетін үй салуды бастаймыз, оның ішінде 698 пәтерлік 15 үйді ағымдағы жылы пайдалануға береміз. Нәтижесінде, 431 көпбалалы және 267 осал топтағы отбасы жаңа пәтер алады. Тағы 910 отбасы ипотекалық баспана ала алады. Белгілі болғандай, жақында елімізде экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар бекітіледі. Осындай жоспар бізде де жасалады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Өңір басшысы мәлімдемесінде азаматтардан да ұсыныстар, нақты жобалар, серпінді идеялар күтетінін айтты.