Ауызашарда шамадан тыс тамақ ішу
Ораза ұстаған адам таңнан кешке дейін аш жүргендіктен оның қанындағы глюкоза деңгейі түсіп кетеді. Бұл адамда алдына келген астың бәрін бір сәтте жеп қою сезімін оятады. Асығыс-үсігіс, апыл-ғұпыл тамақ жеген соң глюкозаның мөлшері бірден көтеріледі. Сөйтіп, адамның басы ауырады, ауыз ашқаннан кейін ұйқысы келе бастайды, асқазаны ауырады. Сонымен бірге асығыс тамақтанған адам тағамды толық шайнамай, жұтады. Олай еткен жағдайда ағзадағы тоқтық гормоны бөлініп үлгермей, бұдан қарын тоймағандай болып, адам көп тамақтанып қоюы мүмкін. Одан асқазанның ас қорыта алмауы, салмақ қосу сияқты проблемалар туындауы мүмкін. Сондықтан ауызашарда шамадан тыс ас ішпеу керек.
Майлы тағам жеу
Майлы тағам асқазанда ұзақ қорытылады әрі ағзаға баяу сіңеді. Сол себепті сәресі мен ауызашарда майлы, қуырылған, соус немесе крем қосылған тамақ жемеген дұрыс. Оның орнына буға, суға піскен тағамдарды тұтыну керек.
Сәресіне оянбау
Егер адам: «Сәресіне тұрмай-ақ қояйын, ұйқым бөлінбесін», — десе, денсаулығын тағы бір ойлағаны жөн. Сәресінде жұмыртқа, сүт, ірімшік, нан, айран, жеміс-жидек, қызанақ, қияр сияқты құнарлы тамақ жемеген адам ертесі қатты ашығуы мүмкін. Рамазан айында күніне бір мезгіл ғана тамақтану ағзада энергия жетіспеуіне, әлсіреуге, бұлшықет атрофиясына, остеопорозға, шаштың түсуіне, анемияға әкеледі. Оның үстіне Пайғамбарымыз: «Сәресінде береке бар», — деп айтқан. Осы сөзді де ескерген жөн.
Жеткілікті мөлшерде су ішпеу
Адам ағзасының 60%-і судан тұрады. Күн ыстық болғанда, аш жүргенде, далада жұмыс істегенде немесе терлегенде денедегі судың көп мөлшері бөлініп, шығып кетеді. Сондықтан ауыз ашқан соң сәресіне дейін 2-2,5 литр су ішіп, сол мөлшерді толтыру керек. Ағзада су жетіспесе, бұл денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Су ішкенді ұнатпайтын болсаңыз, оны кез келген басқа сұйықпен алмастыруыңызға болады. Мысалы, компот, айран, шай және тағы басқа.
Тамақ іше сала ұйықтау
Көбі сәресінен соң жұмысқа дейін мызғып алу үшін бірден ұйықтап қалады. Ауызашардан кейін де қарны тойған адамның ұйқысы келе бастайды. Бұл — заңды нәрсе. Бірақ бұл қатеге жол бермеуге тырысу қажет. Тамақ ішіп болған соң 1 сағаттай серуендеу, жақындарыңмен әңгімелесу, тарауық намазына бару керек немесе дұғалар оқыған дұрыс.