«Бар көмекке разымыз, бірақ үйге қайтқымыз келеді»

Өзбекстан аумағынан келген су 2 мамырда таңға жуық әуелі Жеңіс ауылын басты. Мұнда 2000-ға жуық адам тұрады. Ауыл тұрғыны Несібелі Алшынның айтуынша, 1 мамырда түстен кейін егіннің артық суын ағызып жіберетін қашырма тола бастаған. Жергілікті әкімдік өкілдері қашырманы келіп көргенімен ауылға еш қауіп жоқ екенін айтып, жұртты сабырға шақырады. Дегенмен ауылдағы ер азаматтар қашырманы түнімен күзетіп шыққан. Олар ауылдастарына керек-жарақты жинап, су келе қалса, тез қашып шығуға сақадай сай отыруды ескерткен.

Сағат 01.00 шамасында су әзір қайтпайтынын айтып, көлігі барлар ауылдан өз бетінше кете бастады. Бос кеткен көлік жоқ, орын болса, бәрі көршісінің бала-шағасын салып алды. Ауылдастар әкімдікке хабарласқаннан кейін қалған тұрғындарды эвакуациялауға автобустар келді. Олар тұрғындарды Мырзакент кентіндегі мектепке орналастырды. Бізді Мырзакенттегі ағамыз үйіне алып кетті. Әкеміз малды шығару үшін ауылда қалды. Біздің ауылды үлкен көпір екіге бөліп тұрады. Су егін жақтан — оңтүстіктен келіп, ауылдың біз отырған бөлігін бірінші басады деп күттік. Сөйтсек, су шығыстан келіп, көпірдің арғы бетіндегі ауылдың жартысын бірінші басып қалды. Ол жақтағылар үйінен құжатын алып үлгеріпті. Тұрғындар кезіккен көлікке мініп, қырдағы Қызыләскер ауылына кетіп жатты, — дейді Несібелі.

Құтқарушылар кейін Несібелінің жеті адамнан тұратын отбасын Атакенттегі №5 Мақтаарал орта мектебінің ғимаратына апарған. Атакент пен Жеңістің арасы — көлікпен бір сағат. Қазір бұл мектепті бірнеше ауыл тұрғыны, жалпы 500-ге жуық адам паналап отыр.

Бізге жан-жақтан тамақ, киім әкеліп жатыр. Әскерилердің төсек-орнын төсеніп ұйықтаймыз. Мектеп екі қабатты, спорт залына ерлер, кабинеттеріне әйелдер, бала-шаға орналасты. Коронавирустан қорғану үшін маска таратып жатыр, асханаға қолды антисептикпен шайғызып кіргізеді. Жатарда температурамызды өлшеп кетеді. Арамызда жүкті әйелдер бар, оларды дәрігерлер қарап жүр. Ауыз бекіткендерге жергілікті кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары мен осы кент тұрғындары сәресі мен ауызашар береді. Кеше «Диета.kz» тобы, «Өнер қырандары» театрының артистері мен әнші Серік Ибрагимов ауызашар берді. Бар көмекке разымыз, бірақ тезірек су қайтса екен, ауылымызға, үйімізге қайтқымыз келеді, — дейді Жеңіс ауылының тұрғыны.

«Бастысы — қауіпсіз жердеміз, сабыр сақтай тұру керек»

Несібелінің әкесі Дүйсалы Қарасай Жеңісті су басқанда ауылдастарымен бірге ауыл малын аман алып қалған. Содан кейін көмек келуін күтпей, көршінің тәшкесін алып, жалғыз өзі бөгет жасауға кіріскен.

Өзбекстанмен арадағы шекарада екі жақтың артық суы жиналатын Абай каналы бар. 1 мамырда канал толып, су бізге қарай ағып жатқанын көрдік. Негізі канал Өзбекстандағы Айдаркөл көліне барып құюы керек. 2 мамырда ауылдың бір бөлігін су басты. Қырда тұрған соң әуеліде біз жақты су баса қоймады. Ауылда қалған бірнеше жігіт су басқан үйлердің малын қорадан шығардық, жылқысын айдадық. Өзіміз жақтың байлаулы малын босаттық, тауыққораларды аштық. Жүре алмайтын боталы түйе, бұзау сияқты түліктерді алып қалып, қалғанын қырға айдадық. Кейін құтқарушылар мал шығарамыз дегенімізге қарамай, бәрімізді автобусқа салып, мектепке алып кетті. Сағат 12.00 шамасында ол жақтан қашып шығып, бір өзім велосипедпен ауылға қайтып келдім. Күндіз қораға қамап кеткен малдарды шығару керек болды әрі көпір жаққа топырақ тасып, суды өзімше бөгей тұрдым. 2 сағаттан соң мен сияқты тағы бірнеше жігіт қайтып келіп, үйлерінен керек затын алып жатты. Кешке ауылдың қыр жағын да су басты. Бір жақсысы — адам шығыны жоқ, — дейді Дүйсалы Қарасай.

Қазір Жеңістің ғана емес, Фирдоуиси, Жаңатас, Өргебас ауылдарының малы да аудандағы бетоннан салынған биік жолдың бойында тұр. Жеңіс ауылындағының бәрі егін егеді. Дүйсалы Қарасайдың 12 гектар жері болған, оған мақта, қарбыз бен қауын еккен. Оны егуге 1,5 миллион теңге жұмсапты. Қазір егінді су шайып кетті. Мақтаарал ауданына барған Үкімет комиссиясы тұрғындарға су тартылған соң бұл жерге 5-6 ай өтпей ештеңе егуге болмайтынын айтқан.

Дүйсалы Қарасайдың егіс алқабы

Комиссия егіннің шығынын ғана емес, жыл сайын алатын өнімді де қосып есептеп, өтемақы төлейтінін айтты. Оған шүкір деп, қуанып қалдық. Ауылдағылар енді жұмыссыз қалатынын ескеріп, әр тұрғынға 100 мың теңге береміз деп отыр. Қазір бәрі Жетісайға қауіп төнбесін деп әрекет етіп жатыр. Мырзакентті тасқыннан төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге бүкіл ауыл аяғынан тік тұрып құтқарып қалды. Ол ауылдың тұрғындары да Атакенттегі осы мектепте еді. Қауіп сейіліп, 2 күн бұрын түнде ауылына қайтты. Бастысы — біз қауіпсіз жердеміз, сабыр сақтай тұру керек. Бізге келген суды Өзбекстанның Айдаркөл көліне жіберіп жатыр, — дейді тұрғын.

Су басқан ауылдардың жағдайын көрген Үкімет комиссиясының мүшелері Мырзакент іргесіне жаңа ықшамаудан салынатынын айтты. Оған Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының халқы көшіріледі. Дүйсалы Қарасай соған қуанып отыр. Оның айтуынша, Жеңіс ауылындағы судың деңгейі күніне 10 сантиметрдей төмендеп келеді.

«Құлаған үйімді көргенде жүрегім ауырды»

Марат Тиллаев Жеңісті су басқанда ауылдан 30 шақырымдағы Достық ауылында тұратын туыстарына кеткен. Қазір ол да отбасымен бірге Атакенттегі Мақтаарал орта мектебінде отыр. Қашырма тола бастаған кезде әрекетсіздік танытқан ауыл әкімін Марат Тиллаев та кінәлайды.

Басшылардың сөзінен соң су келсе де, тек егін жақты басатын шығар деп ойладық. Сағат 01.00 шамасында эвакуация басталып, бәріміз ауылдан қаштық. Ертесіне барсам, ауылды түгел су басып қалған, су үйімнің шатырымен бірдей болып тұр. Құлаған үйімді көргенде жүрегім ауырды, қасына жолағым келген жоқ. Үйім тоғыз бөлмелі еді, 17х12 метр етіп салынған. 1996 жылдан бері салып келе жаттық. Бөлмелер қостық, түгел бітіп қалған. Қарашаңырақпыз, 14 адам тұрамыз. Төрт-бес бас ірі қарамды шығарып үлгердім, қой-ешкіден біреуі өліпті, екі-үшеуін таппай қалдым. 2,5 гектар жерге мақта, қауын егіп қойғанбыз. Оны да су шайып кетті, — дейді Жеңіс ауылының тұрғыны.

Марат Тиллаев мектепте іс жүргізуші болып істейді. Бес баласы бар. Тұрғынның айтуынша, ауылға барған комиссия әр отбасыға үйі құлаған-құламағанына қарамастан сегіз сотық баспана салып береміз деп отыр.

«Үй салғанша қайда тұратынымыз әлі белгісіз»

Жеңістен 3 шақырымдағы Өргебас ауылының тұрғыны Нұрғали Әлімбеков те қазір бала-шағасымен туыстарының үйін паналап отыр.

Өзбекстандағы суқойма тасып,шекарадағы Абай каналына аққан. Одан Жеңістегі егін қашырмасын жарып, ауылды басып қалды. Ары қарай Жаңатұрмыс, одан Фирдоуси ауылдарын басып, 2 мамырға қараған түні біздің Өргебасқа жетті. Одан бұрын Өзбекстанның бізбен шекаралас аймағын су басқаны туралы видеолар келген еді. Судан қауіптеніп, түн ортасында отбасыммен 28 шақырым жердегі Асықата ауылындағы туысымызға кеттік. Ертесіне ауылға өзім қайтып келдім. Жеңісті су басқан, бірақ «су тоқтады» деген сөзге сеніп, үйден жиһаздарды көшірмедім. Жеңіл көлікке сыятын теледидар мен компьютерді ғана алып кеттім. Қалғаны суда қалды, — дейді Нұрғали Әлімбеков.

Өргебас тұрғынының ауласында алты бөлмелі үйі, төбесі жабылмаған тағы үш бөлмелі үйі, екі бөлмелі уақытша баспанасы, жазғы тапшаны, ошақханасы, моншасы, шөпқорасы мен екі малқорасы болған. Соның бәрін су шайып кетті. Үйді өткен күзде туысынан құнының 30%-ін ғана төлеп сатып алған екен.

Нұрғали Әлімбековтің үйінің орны

Жалға алып, мақта мен қауын еккен 5 гектары да суға кетті. Жалға алу бағасын қоспағанда егіске 500 мың теңге жұмсапты.

Өргебаста су астында қалған әр үйге өтемақыны қолма-қол беретін болды. Жеңіс ауылына қырдан үй салатынын естідік. Ал бізге қаржы береді, үйді өзіміз салып алатын болдық, бірақ ол уақытқа қашан жететініміз, үй салғанша қайда тұратынымыз әлі белгісіз. Ауылды су алғанда басында дүрліктік, сосын ойландық, қазір сабырға келдік. Енді ес жинап жатырмыз. Балаларымның алды 4-класта. Не боп жатқанын әлі білмейді. Кеше Еңбекші ауылындағы туысымызға келдік. Бұл жерге де су басу қаупі төніп, халқы эвакуацияланған еді. Қауіптің беті қайтқан соң тұрғындар ауылға оралды. Су егіннен қайтты, ауылға кірмеді, — дейді Нұрғали.

«Құдай сақтап, ауылымызды су баспады»

Ақбаян Байбозова — Шұғыла ауылының тұрғыны. Бұл ауылды су баспаған, бірақ қауіп төніп тұрғандықтан халық Атакенттегі мектепке эвакуацияланды. Ақбаянның отбасы Жетісайдағы туысының үйіне кеткен.

Ақбаян Байоразова. Фото жеке архивінен

«2 мамырға қараған түні Жеңісті су басқанын естідік, бірақ бізге келмейтінін айтты. Бұл сөзге аса сене қоймадық. Ол ауылмен арамыз — жеңіл көлікпен жүргенде 40 минуттай жер. Сағат 05.00-де бәріміз бір киер киіміміз бен құжатымызды алып, ауылдан шықтық. Ондай кезде дүние-мүлікті ойлауға шама келмейді екен, бас амандығын ғана ойладық. Құдай сақтап, ауылымыз орнында қалды. 4 мамырда ешқандай қауіп жоқ екенін айтып, бәрімізді үйімізге қайтарды. Қазір ауылдамыз, — дейді Ақбаян Байбозова.

Су басу қаупі төнгенде Ақбаянның ауылдастары малын қырға айдап шыққан. Қазір бәрін қайтарыпты.

Мақтаарал ауданында қазіргі ахуал осындай. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жалғыз тілегі — тезірек баспаналы болу.

Өзбекстандағы Сардоба суқоймасының бөгеті 1 мамырда жарылды. 2 мамырда сағат 04.30 шамасында Мақтаарал ауданының өзбек шекарасындағы коллекторына су толып, одан соң бірнеше елді мекенді тасқын басты. 31 мыңнан астам тұрғын баспанасын уақытша тастауға мәжбүр болды. Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қазір оқиға орнында төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Ауылдарды Қазақстан мен Өзбекстан бірігіп қалпына келтіреді. Қазақстан Үкіметі жанынан құрылған комиссияны Роман Скляр басқарады.

(Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі)