Қарағандыда қайтыс болған адам дәрігерлерге дер кезінде көрінбеген

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының хабарлауынша, көз жұмған азамат 30 наурызда «екіжақты пневмония» диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына өте ауыр жағдайда жатқызылған. Жасы 62-де, нотариус болып жұмыс істеген. Ауырып жатқанда дәрігерлер көмегіне жүгінбеген. Науқасқа белгіленген қауіпсіздік хаттамасы бойынша бар көмек берілді.

Өкінішке қарай, дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қала алмады. Ол сағат 07.00-де қайтыс болды. Науқаспен байланыста болған барлық адам анықталды. Олар жабық карантинге орналастырылады, — делінген шұғыл штабтың Telegram-каналында.

Қазір Қарағандыдағы стационарларда коронавирус жұқтырған 13 адам ем алып жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайы бірқалыпты және қанағаттанарлық екенін айтты. Қарағанды облысында 598 адам тәулік бойы бақылауда, 1 076 адам үйдегі карантинде жатыр.

Қазіргі мәлімет бойынша коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны үшеуге жетіп отыр. Бәрі — жасы 50-ден асқан адамдар. Бұған дейін Нұр-Сұлтандағы ауруханада емделген Ақмола облысының 64 жастағы тұрғыны және Нұр-Сұлтанда тұратын 50 жастағы азамат қайтыс болғаны хабарланған еді.