Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен берілген онлайн брифингіде айтты.
Өкінішке қарай, тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 64 жастағы әйел қайтыс болды. Ол 15 сәуірде ауруханаға жедел жәрдеммен түскен. Ауруханаға жатқызылған кезде өте ауыр жағдайда болды, өкпесіне аппаратпен дем берілді. Одан коронавирус инфекциясы табылды, екіжақты полисегмент пневмониясы асқынған. Созылмалы обструктив өкпе ауруы, қант диабеті сияқты ілеспе аурулары болғандықтан пациенттің жағдайы жылдам нашарлады. Клиникалық хаттамаға сай толық емделді, — деді Бақтияр Мәкен.
24 сәуірде сағат 10.40-та науқастың жүрегі тоқтаған. Бақтияр Мәкен қайтыс болған адам Ресей азаматы екенін хабарлады.
Нұр-Сұлтанда коронавирустан осымен үшінші адам қайтыс болды.
Дәл осы кезде Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 24 сәуірде Алматыда тағы бір науқас — 1945 жылғы азамат қайтыс болғанын хабарлады. Ол 12 сәуірде коронавирус жұқтырғаны анықталып, жұқпалы аурулар стационарына жатқызылған. Жағдайы өте ауыр болған, оған дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратын қолданды. Науқастың жүректің ишемия ауруы, артерия гипертониясы, алдыңғы ми артериясының аневризмі, созылмалы пиелонефрит, екіжақты пневмония сияқты аурулары болған.
Алматыда бұл қатерлі вирустан өмірі қиылғандардың қатары сегіз адамға жетті.
Қазақстанда COVID-19 инфекциясынан барлығы 24 адам көз жұмып отыр.