Шымкентте осымен төртінші адам қайтыс болды.
Шымкентте коронавирус инфекциясынан бір науқас көз жұмды. Ол 1968 жылы дүниеге келген, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, марқұм Түркістан облысының Абай ауданында тұрған. Ол Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөліміне 20 сәуірде түскен, бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Оның коронавирус инфекциясынан басқа кеңейген кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артерия гипертензиясы, созылмалы жүрек ауруы, қант диабеті сияқты диагноздары болған.
Науқасқа емдеу хаттамасына сай барлық емдеу шарасы жүргізілді. Бірнеше рет республикалық мамандармен кеңес өткізілді. Жүргізілген реанимация іс-шараларына қарамастан пациент 23 сәуірде сағат 20.30-да қайтыс болды, — делінген басқарманың хабарламасында.
Дәрігерлер марқұммен байланыс жасаған барлық адамды оқшаулап, карантинге жатқызды.
Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандардың саны 21-ге жетіп отыр: Алматыда алты адам, Ақмола облысында төрт адам, Шымкентте төрт адам, Нұр-Сұлтанда екі адам, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысында бір адам, Қостанай облысында бір адам, Павлодар облысында бір адам және Түркістан облысында бір адам.