Шымкент қаласы туралы 10 миф

1. Қыз алып қашу

Қыз алып қашу
Сурет: Мақсат Шағырбаев

Шымкенттіктер туралы тұжырымдар түсіндіруді қажет етпейтін аксиомаға айналған. Соның бірі — қыз алып қашу дәстүрі. Бұл дәстүрдің аймақта мығым орнағандығы себебінен қыздардың шымкенттік жігіттерге сенімсіздікпен қарайтындығы жасырын емес. Алайда Шымкент қаласына барсаңыз, тапа-тал түсте қызды зорлықпен алып қашып бара жатқан жанды кездестірмейсіз. Бүгінгі таңда аталмыш дәстүр қыздың келісімі бойынша орындалады. Бірақ қазақтың салт-дәстүрлері мен құндылықтарының отаны саналатын Шымкентке әлі де болса қыз алып қашу «операциясы» жиі таңылады.

2. «Шымкентский вариант»

Шымкентский вариант
Сурет: Мақсат Шағырбаев

Бұл сөзді жиі естиміз. Жұрт мұндай «вариантты» ұстанатындарды қу әрі пысық адамдар деп біледі. 2016 жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, Шымкент халқының саны 885 799 адамды құрайды. Әрі бұл қала Қазақстан мегаполистерінің бірі екендігін де айта кеткеніміз жөн. Ықтималдылық теориясы бойынша, процеске қатысушылардың саны қанша көп болса, оқиғаның жүзеге асу коэффициенті де сонша мәрте өседі деген сөз. Сондықтан «шымкентский вариант» көпшіліктің аузындағы аңыз ғана.

3. «Шымкенттіктер орысша сөйлемейді»

Шымкенттіктер орысша сөйлемейді
Көрнекі сурет

«Шымкентте орысша сөйлемейді», «олар орысша білмейді» дейді тағы бір аңыз. Қала оңтүстік аймақта орналасқандықтан әрі орыстілділер үлесі аз болуы себебінен көпшілік осындай тұжырымға келіп жатады. Алайда, орысша-қазақшаға бірдей шымкенттіктерді жиі кездестіруге болады.

4. «Шымкент — өзбектердің қаласы»

Шымкент - өзбектердің қаласы
Көрнекі сурет

«Шымкентте өзбектер көп, халқы өзбекше сөйлейді, солардың салтын ұстанады» дейді ендігі бір аңызда. Оның шығуына себеп: аймақ Өзбекстанмен шекаралас, жергілікті халықтың палауды өте дәмді әзірлегендігінен болар, бәлкім. 2016 жылғы санақ бойынша Шымкент қаласындағы өзбектер саны 92 388 адам екен. Ол осы өңірдегі өзбек ұлтының 13,53 пайызын құрайды.

5. Шымкентке келін болсаң…

Шымкентке келін болсаң…
Көрнекі сурет

«Шымкенттік келіндер таңғы 6-да тұрып, аула сыпырып, ата-енесіне сәлем салуы керек екен» деген соң, көпшілік қыздардың шымкенттік жігіттерден «аулақ жүруге» тырысатыны жасырын емес. «Шымкентке ұзатылма», «Ол жақтан қыз алма» дейтін ақыл-кеңестер аз айтылмайды. Режиссер Жәнібек Жанқараев түсірген «Потому что шымкентский» фильмінің өзі қоғамның Шымкентке деген қате көзқарасын танытады. ХХІ ғасырда ерте тұрып аула сыпыру әдеттен тыс болғанымен, жасы үлкендерге иіліп сәлем беру — әдептіліктің белгісі.

6. «Шымкенттіктер қап-қара»

Шымкенттіктер қап-қара мектеп оқушылары
Сурет: Мақсат Шағырбаев

«Шымкент Африкаға, шымкенттіктер осы бір құрлықтың тұрғындарына ұқсайды. Астананың суығы шыдата ма, Шымкенттің ыстығы шыдата ма?» деген жаңсақ риторика да сирек айтылмайды. Континентті климаттың әсерінен Шымкенттің қысы қысқа, тұрақсыз, жазы ұзақ, ыстық, қуаң және аңызақ желді болып келеді. Оның антропологиялық жаратылысына белгілі деңгейде әсер ететіндігі анық. Алайда, адамды түр-түсіне қарай қай аймақтың тумасы екендігін анықтауға болатын болса, солтүстіктің «қара баласын» да шымкенттік деп оңай қателесуге болады.

7. «Казах без понтов – беспонтовый казах»

Казах без понтов – беспонтовый казах
Көрнекі сурет

Түсіндірме сөздіктерде берілетін «понт» сөзінің мағынасы қазақтар қолданатын понттан мүлде бөлек. «Қазақ үшін понт, яғни, мақтангершілік — доллардан да қымбат» дейді. Шымкенттің жағымсыз жақтарын қанша жырласақ та, олардың да бұл пікірге айтары бар. Шымкенттік болуды мақтан тұтады. Шымкентпен мақтанады.

8. «Шымкент құрама штаттары»

Шымкент құрама штаттары
Сурет: Мақсат Шағырбаев

ШҚШ. «Шымкент — Қазақстандағы Техас» дейді тағы бір аңызда. Америкада бұл штат «Жалғыз жұлдызды штат» атанған. Ал Шымкент ше? «Әкімшілікте үш қазақ жұмыс істейді, қалғандары — шымкенттік» деп әзілдеп жатады. Сонда олардың ерекше субэтнос болғаны ма?

9. Шымкентстан

Шымкентстан
Сурет: Мақсат Шағырбаев

Шетелдіктерге қазақстандықпын десең, араларында «Шымкенттенсің бе?» деп сұрайтындары да бар. Бұл өздері айтатын Шымкентстан деген атауды еріксіз еске түсіреді. Еліміздің кез келген түкпірінен шымкенттіктерді кездестіруге болады. «Шымкенттіктер – көп, олар барлық жерде. Тас лақтырсаң, Шымкенттікке тиеді» деп мысқылдайтындар да табылады.

10. «Бәке, Мәке, Сәке» теориясы

"Бәке, Мәке, Сәке" теориясы
Сурет: Мақсат Шағырбаев

«Таныс барда – шанс бар» ұғымын Шымкенттен шыққан деп те жатады. Қала әкімі Ғабидулла Әбдрахымов та «Бәке-Сәке» дегендерден шаршадым» деп айтқан еді. Дегенмен бұл теорияға бауырмалдық, жершілдік факторларының да әсер ететіндігін ескерген жөн.

Тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болсын өнер мен мәдениет оңтүстік аймақтарда жақсы дамыған. Оңтүстіктің адамдары қу, пысық, қызуқанды келеді, ал солтүстіктің халқы асықпайтын, сабырлы болады деп жатады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен АҚШ-та, Европа елдерінде де қалыптасқан стереотип. Мысалы, Оңтүстік пен Солтүстік Кореяның экономикалық-әлеуметтік жағдайларын, саяси сахнадағы беделін салыстырғанда, Оңтүстік Корея көш бойы алда тұрады. Қырғызстанның танымал қаласы саналатын Ош та елдің оңтүстік аймағында орналасқан.

Сондықтан, 2200 жылдық тарихы бар Шымкенттің шарықтауы, ол туралы мифтердің халық арасында зор жылдамдықпен таралуы – заңдылық.

Шымкент туралы зиялылар не дейді?

«Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды». (с) Мұхтар Мағауин

«Қазақ болып қалғымыз келсе, Шымкентті етегінен ұстап жүруіміз керек». (с) Бекболат Тілеухан

Бұл өмір бір-ақ рет беріледі, ал оны Шымкентте сүру керек. (с) Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақтың Шымкентте бестен бірі,
Ешқашан шығармаңдар естен мұны.
Әрқашан бізге қарап өлшенеді,
Қазақтың қаншалықты өскендігі. (с) Әселхан Қалыбек

Суреттерді өңдеген: Бекзат Исамбергенов

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.