Әлнұр Ілияшев пен Арман Шораев 17-18 сәуір күндері Алматы мен Қарағандыда ұсталған. Екеуіне де ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылып отыр. Әлнұр Ілияшев 2 айға қамалды.
Біз жалған ақпаратпен күресетін ұйым ретінде Арман Шораев пен Әлнұр Ілияшевқа қатысты қабылданған санкция шамадан тыс және ұстау мен қамауға алудың себебі айқын әрі ашық емес деп есептейміз. Инфодемия кезеңінде, Қазақстан азаматтары расында жалған ақпарат таратушылар мен алаяқтардың шабуылына ұшырап жатқан тұста журналист пен азаматтық белсендіні ұстау мен тұтқындау азаматтық қоғамға жасалып жатқан қысым және пікір еркіндігі құқығының бұзылуы ретінде ғана түсіндірілуі мүмкін. Біз ҚР Ішкі істер министрлігінен, ҚР Бас прокуратурасынан және ҚР Әділет министрлігінен Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына жол бермеу жөнінде шара қолдануды талап етеміз, — деп мәлімдеді Factcheck.kz.
Жалған ақпаратпен күресуші редакция Арман Шораев пен Әлнұр Ілияшев ісі полиция мен басқа бақылаушы органдардың қызмет бабын асыра пайдалануы тұрғысынан мұқият тергелуі тиіс деп есептейді. Редакцияның пікірінше, тергеу кезінде ұсталушыларға ең жеңіл бұлтартпау шарасы қолданылуы керек және бұл іс бойынша сот ашық болуға тиіс. Мәлімдеме тиісті ведомстволарға ресми хатпен жолданады.
Әлнұр Ілияшев пен Арман Шораевтың ұсталуына байланысты дәл осындай мазмұндағы мәлімдемені «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, Қазақстан сот журналистері лигасы және адам құқықтары мен сөз бостандығын қорғаумен айналысатын басқа да ұйымдар Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға жолдады.