Арман Шораев пен Айдос Сарым Президент қабылдауында болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшелері Азаматхан Әміртаевпен, Арман Шораевпен және Айдос Сарыммен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының «Байтақ болашақ» экология альянсы» бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртаевпен кездесуі барысында еліміздегі экология ахуалы, халықтың экология туралы түсінігін арттыру мәселелері талқыланды. Азаматхан Әміртаев шағын және орта бизнесті қолдауға және экология жобаларын іске асыруға шетел инвестициясын тарту туралы ұсыныс айтты.

«Қазақстан барысы» даму қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев Президентке ішкі және сыртқы туризм саласындағы қордаланған проблемаларды шешу мен қазақ күресін халықаралық аренада ұлттық бренд ретінде насихаттау амалдары туралы айтты.

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым гуманитар ғылымның даму перспективалары, оның еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы мен идеологиялық саясаттағы ролі туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің алғашқы отырысынан кейін кеңес мүшелері айтқан ұсыныстар Президент Әкімшілігі мен Үкіметте өткен жиындарда талқыланғанын айтты.

Нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Жуық арада кейбір заңнамаға енгізілетін өзгерістерді пысықтау керек. Содан кейін ұлттық кеңестің екінші отырысы шақырылады, — деді Президент.