Қызылорда кәсіпкері коронавируспен күреске жұмылдырылған дәрігерлерді қонақүйіне орналастырды.
Індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге және орта, кіші буын қызметкерлерінің барлығына қолайлы жағдай жасалған. Індетпен күресуге атсалысып жатқан медицина мамандарының барлығы ыстық тамақпен, жатын орынмен, қажет жеке бас гигиенасы заттарымен және қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Олар жұмыстан кейін үйіне қайтпай, арнайы медицина көлігімен қонақүйге барып тұрақтайды,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Қонақүйде коронавируспен күресіп жүрген 100-ден астам қызметкер демалады. Оларға көпбейінді облыстық аурухананың 7 маманы қызмет көрсетеді. Тазалық, залалсыздандыру жұмысын жүргізумен қатар дәрігерлердің дене қызуын өлшеп, медицина тексеруінен өткізеді.
Бұған қоса, аймақта «СОVID-19 вирусымен күресіп жүрген медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау мақсатында комиссия құрылып, алғашқы отырысы өтті. Нәтижесінде тәуекел топтары бойынша үстемақы алатындардың тізімі нақтыланды.
I тәуекел тобына 850 мың теңгеден, барлығы 35 адамға 5,7 миллион теңге қарастырылған. II тәуекел тобына 425 мың теңгеден, жалпы саны 161 адамға 20,5 миллион теңге, Ш тәуекел тобына 212,5 мың теңгеден, барлығы 179 адамға 7,9 миллион теңге бөлінген. Қаржы дәрігерлердің есепшотына жақын күндері аударылуға тиіс.