Басты бетЖаңалықтарСиноптиктер ауа...

Синоптиктер ауа райы жайсыз болатынын хабарлады

8 сәуірде Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында жаңбыр, қар жауады. Өңірлерде жел күшейеді, Қарағанды, Қостанай облыстарында жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында жел екпіні секундына 30 метрден асады. Ақмола облысында тұман түседі, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Нұр-Сұлтанда да көктайғақ болады, жел секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.

8-9 сәуір күндері Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында қар аралас жаңбыр жауады, тұман түседі, Түркістан облысында жел екпіні секундына 25 метрге дейін, Қызылорда, Жамбыл облыстарында секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Қызылорда облысының кей жерінде найзағай ойнайды, шаңды дауыл тұрады. Жамбыл облысының таулы аудандарында жауын-шашын толассыз түседі.

9-10 сәуірде Қызылорда облысында түнде ауа температурасы 0-5 градус аязға дейін, облыстың оңтүстігінде 3 градус жылыға дейін күрт төмендейді. Жамбыл облысында түнде температура 0-5 градус жылыға дейін, солтүстікте және таулы аудандарда 5 градус аязға дейін күрт төмендейді. Таразда түнде сынап бағанасы 0-2 градус жылыны көрсетеді. Алматы облысының солтүстігі мен таулы аудандарында қар аралас жаңбыр толассыз жауады, тұман түседі, екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Түнде температура 0-5 градус жылыға дейін, солтүстікте және таулы аудандарда 5 градус аязға дейін күрт төмендейді.

8-10 сәуірде жылымық пен жауын-шашынның салдарынан және қар жабынының тұрақсыз болуынан Кіші Алматы және Үлкен Алматы шатқалдарында қар көшуі мүмкін.