Хабар 5 сәуірде 12.05-те келіп түсті.

Шымкентте коронавирус инфекциясынан бір адам қайтыс болды. Ол — 1964 жылы туған азамат, — деп хабарлады шұғыл штаб.

Шымкенттің денсаулық сақтау саласының басшылары марқұм болған науқасқа қатысты толығырақ мәліметті жария етті. Түркістан облысы Атакент ауылының тұрғыны Мәскеу — Алматы бағытында жүк көлігін жүргізуші болып жұмыс істеген. 3 сәуірде Шымкенттен өтіп  бара жатқанда жағдайы нашарлап, ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның күретамыр гипертензиясы, туберкулез, қант диабеті, панкреатит сияқты созылмалы аурулары болғанын анықтады.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында консилиум жүргізілген, диагнозы: «ауруханадан тыс сол жақ полисегментар пневмония, асқынған жедел тыныс жетіспеушілігінің 2-3-кезеңі, ІІ типті қант диабеті». 3 сәуірде коронавирус инфекциясы бар-жоғы тексерілді, нәтиже расталды. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен кезден бастап науқастың жағдайы өте ауыр болды, жасанды желдету аппаратына қосылды. Қарқынды ем жүргізілгеніне қарамастан жүрегі тоқтады. Өлім 5 сәуірде сағат 03.50-де тіркелді, — деп хабарлады Шымкенттің бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Жүк тасымалы кезінде марқұмның қасында болған ұлы Алматыға барған, ол сол жерде карантинге жатқызылды. Дәрігерлер қайтыс болған пациентпен байланыс жасауы мүмкін 327 адамды анықтады.

Елімізде коронавирустан барлығы алты адам қайтыс болып отыр. Бұған дейін Ақмола облысында екі, Нұр-Сұлтанда бір, Қарағанды облысында бір және Түркістан облысында бір қайғылы оқиға тіркелген еді. Ақмола облысында 1956 жылғы және 1947 жылы туған, Нұр-Сұлтанда 50 жастағы, Қарағанды облысында 62 жастағы, Түркістан облысында 1956 жылғы азамат көз жұмды.