Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қоғамдық көлік, такси, тамақ жеткізу қызметтеріне қатаң тәртіпті сақтау үшін циркуляр қарастырылатынын айтты. 28 наурыз 00.00-ден бастап үйден шығуға қатаң шектеу қойылады.
30 наурыздан бастап мекеменің көбі жұмысын тоқтатады. Дәріхана мен дүкендер көбіне тұрғын үйге жақын орналасқан. Сондықтан полиция кез келген адамның қайда бара жатқанын сұрап, сол жерден қайтуын қадағалауы мүмкін. Халық бұған дайын болуы керек. Бәріне түсіністікпен қарауды сұраймыз. Тұрғындар үй жануарын үйдің қасында қыдырта алады. Жұмысқа бара жатсаңыз, шақырған басшыңыздың немесе кадр бөлімінің телефон нөмірі өзіңізде болсын, — деді Дәурен Абаев.
Ережеге бағынбаған адамдарға бірінші ескерту жасалады. Содан кейін 26500 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тек дәрігерге көрінуі керек адамдарға ауруханаға баруға шектеу жоқ.
БАҚ қызметкерлеріне де қашықтан жұмыс істеу ұсынылды.
Бұқаралық ақпарат құралдары қашықтан жұмыс істеуге көшсін. Репортаж жасауға шыққан журналистердің құжаты, редакция тапсырмасы туралы анықтамасы өзінде болуы керек. Анықтаманы телефоннан көрсетуге де болады, — деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Несиесі барлар төлемді 2020 жылдың 16 наурызынан 15 маусымына дейін кейінге қалдыра алады. Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылған адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүргендер, ресми жұмыссыздар, Атаулы әлеуметтік көмек алатындар және халықтың әлеуметтік әлсіз тобы ғана төлемді кейінге қалдыра алады. Несие беруші ұйымдар тұлғалардың тізімін несиелік бюродан алады.
Сонымен қатар Үндістандағы Қазақстанның 76 азаматын елге қайтару мүмкіндігі қаралып жатыр. Бұл ел шекарасын 15 сәуірге дейін жауып тастаған еді.
27 наурыз күнгі 14.20-дағы жағдай бойынша Қазақстанда вирус жұқтырғандар 125-ке жетті. Коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам Павлодар облысында тіркелді.
Сонымен Нұр-Сұлтан бойынша 60 адам, Алматыда 48 адам, Қарағандыда 4, Шымкентте 2 адам, Алматы облысында 1 адам, Ақтөбе облысында 1 адам, Жамбыл облысында 3 адам, Солтүстік Қазақстан облысында 1 адам, Атырау облысында 3 адам және Павлодар облысында 1 науқас бар. Коронавирус жұқтырғандардың екеуі жазылып, бір адам қайтыс болды.