Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам жазылды

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус бойынша елдегі ахуал туралы брифинг кезінде айтты.

вирус
Иллюстрация: Dribbble.com/©Station75

Екі емделуші коронавирустан жазылды, қазір олар соңғы тексеру анализдерін тапсырып жатыр, ауруханадан ертең шығады, – деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев Үкіметтің және барлық Қазақстан азаматының атынан медицина және Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлеріне алғыс айтты.

Бұл – біздің коронавируспен күрестегі жеңісіміз. Басты дүние деп осыны айтуға болады. Бұл – ең әуелі дәрігерлердің жанкешті еңбегінің жемісі. Кез келген маман үшін ең бастысы – өз еңбегіңнің нәтижесін көру. Сол нәтиже үміт пен қуат береді, – деді ол.

Дәурен Абаев
Дәурен Абаев. “Хабар 24” эфирінің скриншоты

Қазіргі жағдайда Қазақстанда коронавирус жұқтырған 80 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан бойынша 41 адам, Алматыда 31 адам, Қарағандыда екі, Алматы облысында бір адам, Ақтөбе облысында бір адам, Шымкентте екі адам, Жамбыл облысында бір адам және Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.