Президент Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдеріне тапсырма берді

Ақорда сайтының хабарлауынша, Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа астанадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді.

Президент қала тұрғындарын ең қажет тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етуді, Нұр-Сұлтандағы шетел дипломатия өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек беруді және қала тіршілігіндегі өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тасқынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматының карантин енгізу жағдайына әзірлігі, қосымша дайындалған төсек-орын саны, коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске қажет ресурстар мен құралдарды жұмылдыру туралы баяндады.

Мемлекет басшысы азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлуді, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын қатаң бақылауда ұстауды, Алматы облысының әкімімен бірге Алматыда жұмыс істейтін өңір тұрғындарының мегаполиске қатынау мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге Премьер-министр, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Маминді қабылдады. Мемлекеттік комиссияның төрағасы Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізу және экономика субъектілерін қолдау шаралары мен өңірлердің коронавирустың таралу жағдайына дайындығы туралы айтты. Президент қазына саясатын тиімді жүзеге асыру мәселесіне баса мән беруді тапсырды, оның пікірінше, бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі керек.