Бақытжан Сағынтаев: Алматыда Волонтерлар үйін ашамыз

Алматы әкімімен кездесуге 20-дан астам ұйымның өкілі келді. «Қазақстан волонтерлар лигасы» қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязова, «Мейірімділер клубы» жобасының үйлестірушісі Динара Асанова, Lider.kz қорының үйлестірушісі Дильмира Блац, «Қуаныш сыйлаймыз» жобасының үйлестірушісі Кира Ударцева және басқалар Бақытжан Сағынтаевпен бірге Волонтер жылы атқарылатын жұмыстың жоспарын талқылады.

Кездесу кезінде мейірім шеруін, экология белсенділерінің жүгіру сайысын ұйымдастыру, қаланы көгалдандыруға қатысу, тұрғындарға құқықтық көмек беру және оқушылардың заң сауатын арттыратын сабақтар өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Айсұлу Ерниязова
Айсұлу Ерниязова. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Волонтерлар әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға, жалғызбасты қарттарға, көмекке ерекше мұқтаж балаларға көмек беру, донорлық, алғашқы медициналық көмек беруді үйрету, қоқыс сұрыптау, жануарларды қорғау мен сақтау бағытындағы жобаларды да іске асыруға дайын.

Бақытжан Сағынтаев волонтерлардың барлық жобасы қолдау табатынын айтты.

Волонтерлар қозғалысы әлеуметтік маңызы бар жауапты, салмақты іске айналып жатыр. Сондықтан волонтерлар тобын дайындау, бірыңғай ақпараттық базаны құру — өзекті мәселе. Күш-жігеріміз бен ресурстарды біріктіре отырып, біз бұл міндеттердің бәрін шешеміз. Осы мақсат үшін волонтерлар мен қоғамның өзара іс-қимылының тиімді алаңына айналатын Волонтерлар үйін ашамыз, — деді Алматы әкімі.