Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылықтың электронды картасы қосылды

Әр азамат картаға өз мекен-жайын енгізу арқылы сол радиуста тіркелген қылмыстар туралы ақпарат ала алады. Ол сұраныс берушінің электронды поштасына жіберіледі.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

-Портал тек қазақстандықтарға ғана емес, туристерге де қолжетімді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдері бар, жақында смарт-қосымшасы шығады. ЭКСПО аймағында, Универсиадада тағы тексерістен өткіземіз. Енді елімізге келген әрбір турист осы карта арқылы қонақ үй жалдауға қауіпсіз аймақтарды таңдай алады, — деді төрайым.

Порталда полиция бөлімдері, полицияға,учаскелік полицияға арыз жазу, арызды тексеру сынды қосымша қызмет түрлері бар. Төрайымның айтуынша, аталған жүйе азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, олардың ашық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Айта кетейік, порталда әзірге Астана қаласының қылмыстық мәліметтері ғана көрсетілген. Алдағы уақытта еліміздегі басқа да қалалар енгізілетін болады.

Сондай-ақ, брифингте еліміздегі қылмыстық деңгейдің 6 пайызға төмендегені айтылды. Алайда, пәтердегі ұрлық көбейіп кеткен. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, құқық бұзушылыққа барғандардың басым бөлімі — жұмыссыз азаматтар.

Дереккөз24 Хабар